Тіленшілікті кәсіпке айналдыруды дініміз құптамағандықтан Түркияның қылмыстық кодексіне аталмыш тыйым енгізілді. Бұған кейінгі кезде үлкен қалаларда тіленшілікті кәсіп еткендердің қарасының көбеюі себеп болып отыр. Сириядағы азаматтық соғыстан бас сауғалап келген босқындардың дені тіленшілікті кәсіп етіп алды. Жұмыссыздар жүргізушінің келіспегеніне қарамастан оның автокөлігінің терезесін жуып, алақанын жайып ақы сұрауды әдетке айналдырған болатын. Егер ақысын бермесе, көлігін сызып кету, яғни бүлдіріп кету оқиғалары жиі қайтаналанатын болды. Осындай келеңсіздіктер ел билігіне әлгіндей қадамға баруына итермелеп отыр. Яғни, тіленшілікті заңмен тыймақ. Тіпті, Ыстамбұл шаһарында тіленшілікті кәсіп еткендердің бірі автокөліктің астында қалып, қайғылы оқиға орын алған болатын. Ендігі жерде тіленшілікті кәсіп етіп, онымен айналысқан тұлғалар мен ұйымдар 40 доллар сомасы мөлшерінде айыппұл төлейді немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тіленші жас балаларды әлеуметтік бейімдеу орталықтарында тәрбиелеу ісі де жолға қойылмақшы.
islam.kz