ТӘУЕЛСІЗДІК - БАҒА ЖЕТПЕС ҚҰНДЫЛЫҚ ҺӘМ НЫҒМЕТ

ТӘУЕЛСІЗДІК - БАҒА ЖЕТПЕС ҚҰНДЫЛЫҚ ҺӘМ НЫҒМЕТ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

       Тәуелсіздік – жұртымыз үшін баға жетпес құндылық әрі үлкен мереке. Яғни, егемен елімізге әр адам адал қызмет жасауы керек.          Тыныштық ең үлкен нығмет болып саналады. Оның қадіріне жету, әрі оған шын жүректен қызмет ету – әрбір мұсылманның борышы, сондай-ақ Пайғамбардың сүннеті. Деректерде "Екі нығмет бар, көпшілік оның қадіріне жете бермейді. Ол тыныштық және сау-саламаттылық", - делінген. Осы жерде не үшін деген сауал туындауы мүмкін. Өйткені, әр адам тыныштықта бейбіт өмір сүре отырып, Раббысына ғибадат етуі керек.

         Риуаяттарда Хәрим Нәимнан Хажжаж ибн Юсуф:

-"Нығмет дегеніміз не?" деп сұраған екен.

Сол кезде Хәрим Нәим:

-"Ол – тыныштық. Өйткені, мен одан үлкен нығметті көрмедім" деген екен.

          Тыныштығын жоғалтқан ел жұлдызсыз аспанмен тең. Мейлі қаншама байлығы болсын, мейлі қаншама өнімі болсын олардың ешқайсысынан пайда болмайды. Тыныштықты пенде қалай сақтай ала алады? Ислам ғұламалары пенде тыныштықты, бейбітшілікті тек дұрыс ойда болу арқылы ғана сақтай алады деп түсіндірген екен. Дұрыс ойда болу адамды түрлі жамандықтан, жаман пиғылдан сақтайды. Адамдар арасында түрлі іріткілердің тарқауынан алдын алады.

           Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде:

"Кімде-кім өз отбасымен тыныш, сау-саламат, ішетін, жейтін ризығы бар халде таң атыратын болса, онда ол адамға бұл дүниенің толық нығметі берілген екен", - дейді. (Бұхари риуаяты).

Жақсылап зер салыңызшы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі қазіргі таңдағы біздердің бойымыздағы бар нығметтерді өз заманында асқан сағынышпен аңсап өткендігі байқалады. Өйткені ол замандарда түрлі аштықтар, түрлі жорықтардың (ислами шайқастар) кеңінен орын алғандығына Ислам тарихы куә. Аллаға шүкір бүгінгі таңда біздер бейбіт өмірдеміз, сәбилеріміздің ұйқылары тыныш. Біздер осы бір нығметтерді келешек ұрпақтар үшін сақтауымыз - Отан алдындағы міндеттеріміздің бірі болып саналады.

           Тәуелсіз сөзінің мағынасын еркіндік, тыныштық және азаттық елде бақытты ғұмыр кешу деп түсінуімізге болады. Демек, тыныштықта өмір сүріп жұртымыздың ең үлкен байлығы - бейбіт өмір сүруде екен. Тыныштығы жоғалған елдерді көріп, басымыздағы бейбітшіліктіктің қадірін әр кез бағалай білуіміз керек екен.

          Танымал ғұлама Бишр Хафи өзінің бір сөзінде:

"Егер адам әрбір істе тек тілімен ғана шүкіршілік ететін болса, онда оның шүкіршілігі кәміл емес. Көздің шүкіршілігі - жақсылықтарды көре білуі, жамандықтарды көргенде іштей жиіркену. Құлақтың шүкіршілігі -жақсылықтарды естігенде оны есте сақтап қалу.

Қолдардың шүкіршілігі – тек адал нәрселерге ұмтылу. Қарынның шүкіршілігі – адал нәрселермен қоректену. Ақыл мен жүректің шүкіршілігі – ой-өрісін зейнеттеу. Аяқтың шүкіршілігі – тек жақсылық жолмен жүру.

Кімде-кім осы талаптардың барлығын орындайтын болса, онда ол хақиқи шүкіршілік еткен болып саналады", - дейді.

Енді бір сәт ойланып көрейікші, біздер көзбен көрген құндылықтарымызға қаншалықты шүкіршілік таныта алдық? Жақсылықтарға құлақ сала алдық па? Еліміздің дамуына өз үлесімізді қоса алдық па? Бойымыздағы күш-қуаттарымызды нендей нәрселерге жұмсаумен болдық?

Осы бір сауалдар ақырет күнінде отанға қатысты тақырып төңірегінде әрбіріміздің алдымыздан шығатынына күмәнмен қарамауымыз керек.

          Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Иман екі бөліктен тұрады: біріншісі сабыр сақтауда, екіншісі шүкір етуде",- дейді. (Бәйһақи риуаяты). "Шүкір" сөзінің мағынасы "рахмет айту" дегенді білдіреді. Яғни жақсылықтарды Алланың тарапынан деп білу, Алланың нығметі шексіз деп білу. Әрі Алла Тағалаға разылық білдіру.

           Бұл жайында Құранда былай делінеді:

"...Егер Алланың нығметтерін санайтын болсаңыздар, оның есебіне жете алмайсыздар."(Ибраһим сүресі,34 аят).

           Имам әл - Ғазали (Алла оны рақымына бөлесін) былай деп айтады:

"Әр нәрсенің хақысы бар, бірақ соның ішінде Отанның хақысы төртеу:

1.Отанда өмір сүргенде, соған шүкір ету хақысы;

2.Отаннан сапарға шыққанда, сағыну хақысы;

3.Отанға біреу тіл тигізсе, ашулану хақысы;

4.Отанға жау тисе, қорғау хақысы".

Әр адамда өз Отанына, өз еліне деген ерекше махаббаты болуы тиіс.

Жаратушымыз осы бір Тәуелсіздігімізді мәңгілік қылсын. Перзенттеріміз бұл нығметтің қадіріне жетіп, туымыз көкте желбіресін! Келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

Үмбет САБЫРХАНОВ

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Тұрар Рысқұлов ауданы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: