«Сұлулық стандартының» қатарына ілігу үшін пластикалық ота жасайтын хирургтің пышағына ілініп, сыртқы бет-әлпетін өзгертуден қорықпайтын жан құрметті емес, ішкі жан-дүниесін өзгертіп, елден ала бөтен болудан қорықпайтын жан құрметті. Шүбәсіз, ішкі-жан дүниені өзгерте қою оңай іс емес, дегенмен анағұрлым пайдалы... Дұшпаныңыздан қорыққанша, өз күнәңізден қорқыңыз, өйткені сіздің күнәңіз дұшпаныңыздан да қауіпті. Осыны есімізден шығармайық! Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) үмбеті – ең үздік үмбет. Бұл үмбет Бір Аллаға ғана иман келтіріп, жақсы амалдар жасауға үндеп, зұлымдық атаулыдан тыйады. Жер бетінде Алланың әділ үкімі орнауы үшін аталмыш үмбет имансыздық
салдарынан болатын түрлі жамандықты тыю жолында күрес жүргізеді. Сенімді хадистердің бірінде екі дүние сардары, адамзаттың асылы Мұхаммед (ﷺ) былай айтқан: «Қайсыбіреуің Алла разы болмайтын бір іс-әрекетті көріп қалсаң, оны қолыңмен түзет. Егер бұл оған әсер етпесе, онда тіліңмен бұл әрекеттің дұрыс еместігін түсіндір. Егер кімде-кім не қолымен, не тілімен ештеңе істей алмаса, онда ол жүрекпен тоқтау қылсын, яғни дұға етсін. Имандылардың ең әлсіз ісі – осы». Бұл хадис жайында кейбір ғұламалар: «Жамандықты қолмен тыйып, тілмен түсіндіру – ғалымдарға тиісті, ал ділмен қарсы болу – қарапайым мұсылмандарға тән», - десе басқа бір ғалымдар: «Кім болғанына қарамай, қандай да бір жамандықты болдырмау үшін қолдан келгенінше әрекет ету – әр адамға уәжіп», - дейді.
asyldin.kz