Қарағанды облысындағы шаруа қожалығының басшысы Бұрма Нұрлан Мұқаш Қытайдың косметикалық компаниясымен бірігіп, қымыздан шипалы опа-далап жасауға кірісті. Мемлекет тарапынан «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында аталмыш жобаның жүзеге асуы үшін үш млн теңге бөлінді. Осы мақсатта Германиядан арнайы құрал-жабдықтар алдырылды. Бұрма Нұрлан Мұқаштың, міне, он жылдың жүзі болды, жылқы өсірумен айналысады. Тек өсірумен айналысып қана қоймай, қазақтың ұлттық тағамы әрі сусыны – қымыз ашытады. Оның цехы жылына 25 тонна қымыз өндіреді. Оның өнімдеріне Германияда және Түркияда сұраныс жоғары. «Мәселенің түйіні сонда, олар бірден 100 тонна қымыз сатып алғысы келеді. Бұған біздің шамамыз келмейді. Болашақта қымыз өндірісін арттыруды көздеп отырмыз»,- деді ол «Қазақпарат» тілшісіне берген сұхбатында. Қазіргі уақытта ол Астана қаласы мен Қарағанды облысы бойынша ішкі нарықты қымызбен қамтамасыз етіп отыр.
islam.kz