Әрбір мұсылман ата-ана білуі тиіс 4 ең маңызды қағида

Әрбір мұсылман ата-ана білуі тиіс 4 ең маңызды қағида

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Балалар – Алла Тағаланың берген рақымы да, сонымен қатар, сынағы да…

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Әрқайсың – бақташысың әрі әрбірің өзіңнің жайылымың үшін жауап бересіңдер. Имам – бақташы, ол өзінің жамағатына жауап береді. Еркек – өз отбасының бақташысы, ол өз отбасына жауап береді. Әйел – күйеуінің үйінде бақташы, өз үйіне жауап береді. Үй қызметшісі – өз иесі мүлкінің бақташысы, ол өз мүлкіне жауап береді…» (Бұхари, 853; Мүслим, 1829).

Баласы бардың да, енді балалы болайын деп жүргендердің де алдында бір сұрақ тұрады: Балаларымызды Алла Тағала разы болатындай қалай тәрбиелейміз? Олардың бақытты болып, ең жақсы қасиеттерін аша түсу үшін не істеуге болады?

1. Өзіңізді тәрбиелеңіз.

Ең алдымен, өзіңізді тәрбиелеп, өзіңізді жетілдіріңіз, өйткені балаларыңызға қанша ақыл-кеңес берсеңіздер де олар бәрібір сізден үлгі алатын болады. Асыл дініміз исламның көркемдігін балаларымызға көрсетіп тәрбиелеу өте маңызды.

2. Жұбайыңызды сүйіңіз.

Жұбайыңызбен үйлесімді де жылы қарым-қатынас орнатуға тырысыңыз. Жанұядағы ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы өте маңызды, өйткені келешектегі неке түсінігі, отбасылық қарым-қатынасы балалық шақта нені көріп, нені қойғанына байланысты болмақ. Қазақ халқында: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», - деген дана сөз бар. Баланың келешек өмірі тікелей отбасындағы қарым-қатынастан бастау алады. Еріңіздің жақсы қасиеттерін дәріптеп, мақтап отырыңыз, егер сізде ұл бала өсіп келе жатқан болса, ұлыңыздың осы көркем қасиеттерді бойына сіңіріп өсуін қадағалаңыз, ал сіздің қызыңыз болса, онда еріңіз қызына әрі оның анасына қамқорлық көрсетуі керек.

3. Балаларыңызды гаджетке үйретпеңіздер

Қазіргі технология дамыған әлемде көптеген ата-аналар балалары алдансын немесе көңілі басқаға аусын деп көп уақыттарын компьютер, планшет, ұялы телефон және теледидардың алдында отырып өткізуге мүмкіндік беріп қояды. Мұнда еш жақсылық жоқ. Сондай-ақ, сіз балаңыздың денсаулығын құртуға әрі дұрыс балалық шағының болмауына себепші боласыз, оның толықтай ашылуына кедергі келтіретін жаман әдетке үйретесіз.

Балаңыздың әлдебір бағдарламаны не болмаса мультфильмді көруіне белгілі бір уақыт беріңіз және оның қандай мазмұнда екенін қатаң қадағалап отырыңыз. Сондай-ақ, балаларыңыздың көретін материалдары ислам құндылықтарына қайшы келмеуі керек. Ал басқа уақыттарда оларды өзге маңызды істермен айналыстырыңыздар.

4. Өз балаларыңызға мейірімді болыңыз.

Біздің ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) балаларға өте мейірімді болған. Әл-Акра ибн Пайғамбарымыздың (ﷺ) жиені Хасанды сүйіп жатқанын көріп: «Менің он балам бар, бірақ мен оларды сүймеймін», - деген екен. Оған Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп жауап береді: «Өзі мейірімді болмаған жан, мейірімге бөленбейді» (Мүслим).

Балалар – Алла Тағаланың бізге сеніп тапсырған аманаты. Өзіміз ата-ана бола тұра Алланың бізге берген осынау ең қымбат аманатына сүйіпеншілікпен, мейірімділікпен қарамау мүмкін емес қой. Жұбайыңызды сүйіңіз, осы сүйіспеншілікті балаларыңыз көріп өссін, оларды аялап, оларға кешірімшіл әрі мейірімді болыңыздар!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: