Хасан Басри (ол кісіге Алланың рақымы болсын) былай айтқан: «Қандай қамсыздық! Адамның артында Тозақ оты тұрғанда, ол қалай күледі?! Қандай қамсыздық! Адамның артында өлім тұрғанда, ол қалай қуанады?!»
Хасан Басри (ол кісіге Алланың рақымы болсын) күліп тұрған бір жас жігіттің қасынан өтіп бара жатады да одан: «Әй, балам, сен Сират көпірінен өтіп пе едің?», - деп сұрайды. Әлгі жігіт: «Жоқ», - деп жауап береді. Хасан: «Жұмаққа не Тозаққа кіретініңді білдің бе?» - деп сұрайды. «Жоқ», - деп жауап береді жігіт. Сонда Хасан: «Онда неге күліп тұрсың?» - дейді. Содан кейін әлгі жігіттің күліп жүргенін ешкім көрмеген, яғни, Хасан Басридің (ол кісіге Алланың рақымы болсын) сөздері жігіттің жүрегіне ұялап, ол өзінің күлкісі үшін тәубеге келіпті. Сол заманда ғалымдардың өсиеттері адамдардың жүрегіне жететін болған, өйткені олар амалдарды біліммен жасаған. Олардың білімдрі өзгелерге көмектескен. Асылында, қазіргі замандағы кейбір ғалымдар амалдарды біліммен жасамайды, сондықтан олардың білімі өздерінен басқаларға пайда келтірмейді. Ақиқатында, Ибн Ғаббас (р.а.) былай айтқан: «Егер адам бір күнә жасап, сосын күлетін болса, онда ол Тозаққа жылап кіретін болады». Сондай-ақ, былай айтылған: «Бұл дүниеде көптеген адамдар күледі, бірақ ақиретте солардың көбі жылайтын болады. Бұл дүниеде көптеген адамдар жылайтын болады, бірақ солардың көбі Жұмақта күлетін болады».
Яхъя бин Мұғаз ар-Рази (ол кісіге Алланың рақымы болсын) былай айтқан: «Төрт нәрсе мүмінді күлдірмейді де қуантпайды. Олар: бірінші — ақиреттің қасіреті. Екінші — өмірдің талап еткен істерімен айналысу. Үшінші — күнә үшін уайым. Төртінші - қасірет. Яғни, мүмінге күлкіден тыйылу үшін осы төрт нәрсе болуы керек, өйткені күлкі мүміннің амалы болып табылмайды. Расында, Алла Тағала былай айтқан: «Сендер Алланың сөзіне таңғаласыңдар ма? Неге онда сендер күлесіңдер де жыламайсыңдар? Сендер қамсызсыңдар әрі соқырсыңдар». Алла Тағала бір
топ адамдардың жылағанын мақтап, былай айтқан: «Олар жылап, етпетінен құлайды».
Сондай-ақ былай айтылған: «Адамның бес қасіреті болуы тиіс. Біріншісі — өткен күнәлары үшін уайым жеу; өйткені ол күнәларының кешірілгенін көрген жоқ, сондықтан уайымдап, тәубеге келуде. Екіншісі — расында, ол жақсы амалдар жасады, бірақ оны Алла қабыл етті ме, жоқ па – білмейді. Үшіншісі - асылында, ол осы күнінің қалай өткенін біледі, бірақ келесі күнінің қалай өтетінін білмейді. Төртіншісі — ақиқатында, ол Алланың екі үйі - Жұмақ пен Тозақтың бар екенін біледі, бірақ өзінің қай үйге кіретінін білмейді. Бесіншісі — шындығында, Алла оған разы ма, жоқ па - білмейді».
Егер адамда осы уайымдар болса, онда ол күлкіден тыйылады. Егер адамда бұл уайымдар болмаса, асылында, оны өлімнен соң келесі қасіреттер күтеді. Біріншісі — артына қалдырған мүлігі үшін қасірет. Бұл мүлікті ол рұқсат етілген және тыйым салынған жолдармен жиған әрі жауының мұрагерлеріне қалдырған. Екіншісі — игі амалдарды уақытында орындамағаны үшін қасірет. Бұл адам амал дәптеріндегі игі амалдардың аздығын көріп, жақсы амалдар жасау үшін қайтадан қайтаруын сұрайды, бірақ оған рұқсат берілмейді. Үшіншісі — оған ренжулі болған адамдардың разылығын алуға дайындалмағаны үшін және тек өз амалдарымен ғана дайындалғаны үшін қасірет. Төртіншісі — оны Алла қаһарлы түрде қарсы алады әрі Қиямет күні оның Алла разылығын алу мүмкіндігі болмайды.
asyldin.kz