Әрбір істі өз даналығымен істеген және әрбір істерді өз құдіретімен жасаған Жаратушымызға сансыз мадақтар болсын! Өзінің үмбеттеріне Раббысының әмірлерін үйреткен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сәлемдер мен салауаттар болсын!
Сәлденің артықшылығы жайында мәліметтер келтірместен бұрын әуелі мына бір хадистің мағынасына тереңірек зер салып көрелік;
Жәрир ибн Абдуллаһ р.ғ. риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "Кімде-кім Ислам дінінде көркем бір сүннетті жандандырса, кейін ол сүннетке сай амал жасалынса, олардың өз әрекеттеріне қарай өшпес әжір-сауаптар жазылып тұрады. (Мүслім және Тирмизи).
Бұл хадис шәріптің біз сөз етпекші болып отырған тақырыпқа нендей байланысы бар болды екен деген ойда да болуыңыз бек мүмкін. Сырт көзбен қарағанда солай шығар, бір жақсылап зер салып, терең ой жүгіртіп қарайтын болсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерінің бірсыпырасы қазіргі таңдарда ұмытылып бара жатқандығы және күнделікті амалдарымызда да қолданысқа енбей жүргендерін де байқауымызға болады. Солардың ішінде сәлде киіп намаз оқу амалы жайында біраз сөз өрбітсек.
Жоғарыда келтірілген хадис шәріптің мағынасына мән беретін болсақ, сүннет амалы болып саналған сәлде киюдің маңыздылығы өте жоғары дәрежеге ие екендігін аңғарамыз. Қала берсе, сәлде кию барлық ерлер үшін, әсіресе имамдар үшін көрік әрі зейнет екендігі байқалады.
Сәлде - жалпы бас киім болып саналады. Сәлде - дін адамының ғажайып көрінісі және сырттан қараған адамның көзін ерекше тартып тұратын рухани киім. Дінімізде, сондай-ақ дәстүрімізде де өзіндік орнымен ерекшеленген бұл қасиетті бас киім шариғатымыздың символына да айналғандай көріністер туындатады.
20 ғасырдың соңына таман пайда болған түрлі ағымдар, жамағаттар, мәзһабсыздар т.б. түрлі қауымдардың Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сүннеті болып саналған сәлде кию амалына өздерінің тіс-тырнақтарымен қарсылық көрсеткендігі және қазірге дейін де өздерінің түрлі теріс ойларын пайымдайтыны да еш жасырын емес. Сондықтан да еліміздегі шариғат ілімдерін дұрыс түсінбей жүрген кейбір бауырларымыздың сәлдесіз немесе бас киімсіз (тақия) намаз оқуды өздеріне жөн деп санап, өздеріне тиісті бір белгі ретінде қалыптастырған.
Неге? Өйткені кейбір мәзһабсыз бауырлар сәлде жайындағы пікірлерін теріске санау үшін сәлде киюдің фазилаттары жайында келген хадис шәрифтерді сахихтар санатына жатқызбай, әлсіз хадистер қатарына бағалап жатады. Баршаңызға мәлім, дініміз шариғат негіздерін орындау мақсатында келтірілген кейбір әлсіз хадистердің өзіне де амал қылуға үндейді. Соның ішінде сәлде кию, сәлдемен намаз оқу жайында келтірілген бір ғана емес, тіпті бірнеше хадистер келтірілген.
Ал, енді сәлде жайында келтірілген нақты дұрыс мағлұматтар жайында бірнеше хадистерді келтіріп көрейік;
Жәбир (р.ғ.) риуаят етеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сәлде киіп оқылған екі рәкәт намаз сәлде кимей оқылған жетпіс рәкәт намаздан әлдеқайда қайырлы», - деді. (Дәйләми).
Хадиске түсініктеме берер болсақ: Намаз оқушының жағдайларына қарап оқып жатқан намазына берілетін сауаптардың әртүрлі болуы баршамызға мәлім. Мысалы, жалғыз оқылған намаз, жамағат болып оқылған намаз, шын ықыласпен немесе ықыласыз, қорқынышпен (хушуғ) немесе қорқынышсыз, сәлделі немесе сәлдесіз т.б. түрлерге жатқызуымызға болады. Жақсылап ой жүгіртетін болсақ, жоғарыдағы келтірген әрбір намаз оқушылардың барлығы да бір намазды оқуда. Алайда, оларға берілетін сауаптар мөлшері әр түрлі. Бұл үкім жәй ғана қарапайым мүміндер үшін айтылып тұрған болса, ал енді дәстүрлі Исламды насихаттап жүрген имам әріптестеріміз өз ойларынан ақ толыққанды қорытындыларға келері сөзсіз деп ойлаймыз.
Рукәнәдән (р.ғ.) риуаят етілген хадисте: «Бірде Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) күреске шықтым. Нәтижесінде Ол кісі (с.ғ.с.) мені жеңіп кетті. Сол кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Біздер мен мүшріктердің арасындағы айырмашылық - тақия үстіне оралған сәлделер», - дегенін естідім. (Әбу Дәуіт және Тирмизи)
Бұл жерде келтіріліп жатқан мағлұматта сәлде сондай қасиетті киім және мұсылмандарға тиіс болған бас киім болып саналатындығын нақты аңғартуда. Сол үшін де Алла Елшісі (с.ғ.с.) сәлдені мұсылман мен мүшрік арасын айрықша бөліп тұрушы киім ретінде сипаттады. Аталмыш хадиске алдыңғы ғасырлардағы да және қазіргі уақыттағы мұсылмандар қауымы толықтай амал қылуда.
Сәлденің түрлеріне келер болсақ:
Сәлденің ұшын екі жауырынның ортасына түсіріп алынған сәлдені "Қитаға" дейді.
Сәлде ұшын тамағымен (алқым) бірге қосып орап алынған сәлдені "Иғтижәр" дейді.
Оралған сәлденің екі ұшының да сыртқа шығарылып, көрініп тұруын "Зәрқала" дейді.
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Т.Рысқұлов ауданы
Луговой ауылы