Ібіліс тағының төңкерілген түні

Ібіліс тағының төңкерілген түні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Абдулланың Әминаға үйленген түні екі жүздей әйел қайғыдан құса болып өлсе, көбісінің қатты ауырып қалғандығы келтірілген.

Олардың некесі қиылған түні көктегі періштелер шаттанған екен. Жәбірейіл (ғ.с.) жерге түсіп, Қағбаның үстіне жасыл ту тіккен. Ол адам атаулының бәріне жуырда

адамдардың ең жақсысы, пайғамбарлардың Пайғамбары, мәртебелі Мұхаммедтің (ﷺ) дүниеге келетіндігі туралы қуанышты хабарды жеткізеді. Сол түні Ібілістің басы салбырап, не істерін білмей қырық күн, қырық түн дүниені кезіп, сандалып жүрген әрі оның түрі қап-қара түнектей болып кеткен.

Содан кейін ол Әбу Кубайс тауының етегіне тоқтап, ыңырсып, дөңбекшиді. Маңайына өзінің үрім-бұтағын жинап алып, Ібіліс:

«Уа, менің балаларым! Біздің құритын уақытымыз таяды, Әминаның құрсағында барлық алдыңғылар мен кейінгілердің бастаушысы, күллі тірілер мен өлілердің пайғамбары Мұхаммед ибн Абдулла есімді сәби пайда болды.

Бұл сәби өсіп, пайғамбар болғанда барлық пұттардың көзін құртады. Ол әділдік орнатып, қорлық-зорлықты жояды. Ол жер бетін мешіттерге толтырады, адамдардың жүрегіне иман ұялатады, адамдарды дінсіздіктен құтқарады. Ол өзі жақсы амалдар жасап, адамдарға да тек жақсылық жасауға бұйырады. Оның соңынан ерушілер бақыт пен жақсылыққа кенеледі.

Олар ас-су ішкенде міндетті түрде Алла Тағаланы естеріне түсіреді. Олар бір-бірлерін ақиқатқа шақырып, рұқсат етілгенді орындап, тыйым салынғандардан шектейтін болады. Сол себепті біз оларды азғырып, ақиқат жолдан тайдыра алмаймыз», - деп айтады.

Сонда оның бір ұрпағы: «Уа, біздің қожамыз! Адам Атадан (ғ.с.) осы күнге дейін жалпы адамдар санының жеті бөлігінің алтысын өткердік. Енді бір бөлігі ғана қалды. Жер бетінде өмір сүріп, мәңгілікке кеткендер қазіргілерден анағұрлым күштірек болған әрі ұзақ өмір сүрген. Алдыңғыларға не жасасақ, бұларға да соны жасаймыз», - дейді.

Алайда Ібіліс: «Жоқ, жоғарыда айтып кеткен себептерден сендер оларға жақындай алмайсыңдар. Сендер оларды алдай алмайсыңдар, өйткені олар үнемі бір-бірлерін ескертіп жүретін болады», - деп жауап береді.

«Уа, біздің қожайын! Біз олардың бойларына әртүрлі қажеттіліктерді тудыруға тырысамыз, сараңдыққа үйретеміз, біреудің мүлігіне қол сұғуға итермелейміз. Осылайша, олар құрып тынады», - дейді Ібілістің бауырластары. Бұл сөздерді естіген Ібіліс қатты қуанып: «Енді көңілім жай тапты», - деп айтады.

Ибн Аббас (р.а.) сол түні біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) рухы мен Әминаның жаны біріккендігін келтірген. Бұл жөнінде хабар алған сәуегейлер бір-бірлеріне жеткізіп үлгереді.

Шығыстан батысқа дейінгі аралықтағы қасқырлар мен құстар күллі әлемнің қожайыны дүниеге келетін сәттің таянғаны туралы қуанышты хабарды бір-бірлеріне айтып жатады. Жан-жануарлар адамзаттың үміті, өз дәуірінің күні болатын Мұхаммедтің (ﷺ) Әмина құрсағына біткенін сүйіншілейді.

Сол түні таң ата бере барлық пұттар бетімен төмен қарап құлап қалған. Ібілістің тағы омақаса аударылған. Сол кездегі патшалардың тақтары жерге құлап түскен.

Тақуа Әмина былай айтқан:

«Аяғым ауыр жүрген айларда мен еш ауырмадым да сырқаттанбадым. Тіпті мен жүкті екенімді де білмедім, тек алты айдан асқанда түс пен өңнің арасында маған әлдекім: «Құрсағыңда кімді көтеріп жүргеніңді білесің бе?» - деп сұрады. Мен білмейтінімді айттым.

«Сен осы үмбеттің пайғамбарын көтеріп жүргеніңді біл», - деген сөзді маған түсімде де, өңімде де бірнеше мәрте қайталаған. Тек осы жайттан кейін ғана аяғымның ауыр екенін білдім.

Босанар уақытым таянғанда, әлгі адам қайтадан келіп, маған: «Бақытсыздықтардың бәрінен Аллаға сиынамын. Әй, Әмина! Сәби дүниеге келгенде оған Мұхаммед деген есім бер», - деп айтып, кетіп қалды. Мұны басқа әйелдерге айтып бердім. Осы жайтты ұмытып кетпеу үшін құлағыма темір сырғаға тапсырыс бердім. Сонда әлгі адам қайтадан келіп, сырғамды шешуге

мәжбүрледі, сосын сырғаларды лақтырып жіберді де ендігәрі бұлай жасамауымды айтты.

Аяғым ауыр жүргенде менен бір нұр шығып жүретін, сол нұрдың арқасында мен Басра сарайларын көре алатын едім. Ал Басра – Шам жақтағы алыс қала болатын».

Сол заманда Меккеде қуаңшылық орын алып, жылдап жаңбыр жаумағаны келтірілген. Бір жасыл тал қалмай, астық шықпай қалған. Әмина анамыз Пайғамбарымызға (ﷺ) аяғы ауыр болған сәттен бастап, Меккеде және оның төңірегіндегі жерлерге мол жауын жауған. Адамдар мол өнім алып, тіпті сол жылды молшылық жылы деп атаған.

 

Абдулланың өлімі

Әминаның аяғы ауыр жүргенде Абдул-Мүттәліп Абдулланы сауда жасауға Шамға жібереді. Қайтар жолда Мединеге келіп Абдулла ауырып қалады. Оның Меккеге қарай жүруге шамасы болмай, бір туысының үйінде қалады. Керуен Меккеге жетіп, Абдул-Мүттәліпке оның ұлы Абдулланың сырқаттанып қалғанын айтады. Бұл кезде Абдулла қайтыс болып, оны Мединеде жерлеп те үлгереді. Абдул-Мүттәліп үлкен ұлы Харисті Абдулланы алып келу үшін Мединеге жібереді. Харис Мединеге келіп, бауырының қайтыс болғанын естиді. Ол қайтып оралып, Абдул-Мүттәліпке болған жайтты айтып береді. Тақуа Абдулла жиырма бес-ақ жыл өмір сүрген еді. Ол қайтыс болғанда Алла Елшісі (ﷺ) әлі дүниеге келмеген болатын. Неге бұлай болды? Мұнда қандай құпия бар? Бәлкім, Алла алдында жетімдердің дәрежесі жоғары шығар. Әлде Пайғамбарымыздың (ﷺ) үстінен әкелік құқығын жүргізбесін деп Абдулланы жастай алып қойған Алла Тағаланың жазмышы ма әлде даналығы ма?

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: