Жамбыл ауданы Айша-бибі ауылы «Айша-бибі» мешітінде облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы әрі ұстазы, РАНТ мүшесі Нұралы Бақытұлы жамағатпен кездесіп, «Жамағатпен құлшылық етудің сауабы» деген тақырыпта кеңінен уағыз айтты.
Табиғат, жан-жануарлар әлемнің барлығы көпшілік болып өмір сүруге бейім жаратылған. Адам баласы да өзгерген жеке-дара бөлінбей, әрқашан көпшілікпен бірге болғанда ғана екі дүние бақытына қол жеткізбек. Ата-бабаларымыздың: «Жалғыз ағаш орман болмас», «Жалғыздың ісі бітпес» немесе «Жалғыз аттың шаңы шықпайды» деуі осыдан. Абай Хәкім де: «Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында»,-деген.
Асыл дініміз Исламда да мұсылман адамның көпшілікпен бірге болып, ғибадат-құлшылықтарын өзге мұсылмандармен бірге атқаруының маңызы өте үлкен. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 43-аятында: «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер және рукуғ етушілермен бірге рукуғ етіңдер» - деп, құлшылықтарды жамағатпен бірге атқаруымызды бұйырған.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі