Әрбір иісі мұсылман баласы Алланың разылығына қол жеткізуге тырысады. Ал Алланың разылығына қол жеткізудің басты сыйы – Жұмақ болып табылады. Алла Елшісінің (ﷺ) хадистеріне сай келесі адамдарға Жұмақ уәде етілген:
1. Кімде-кім Аллаға серік қоспаса;
2. Кімде-кім Аллаға және Оның Елшісіне (ﷺ) иман келтірсе, намаз оқыса, Рамазан айында ораза ұстаса;
3. Кімде-кім Алланың разылығын алу үшін мешіт салса, Алла Тағала әлгі адамға Жұмақтан сарай салдыртады;
4. Кімде-кім салқын кезде таң намазы мен екінті намаздарын оқыса;
5. Кімде-кім жамағатпен таң және екінті намаздарын оқу үшін мешітке барса, оларға Алла Жұмақтан құрметті орын дайындатады;
6. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім екі жағы мен екі бұтының арасындағыға ие бола білсе, соған Жұмақты уәде етемін».
7. Кімде-кім күніне парыз намаздан бөлек 12 рәкағат сүннет намазын оқитын болса, соған арнап Жұмақтан үй тұрғызылады;
8. Кімде-кім үйінен ілім алу үшін шықса, Алла оның Жұмаққа барар жолын жеңілдетеді;
9. Кімде-кім азаншыдан кейін шын ниетімен азанды қайталаса;
10. Кімде-кім лайықты түрде дәрет алып, одан кейін екі рәкағат нәпіл намаз оқыса;
11. «Мен Аллаға Раббым ретінде, исламға дін ретінде және Мұхаммедке Елші ретінде разымын», - деп айтқан адам міндетті түрде Жұмаққа кіреді;
12. Кімде-кімнің ақтық сөзі: «Ля иляһа илля-Ллаһ» болса, сол Жұмаққа кіреді.
asyldin.kz