Әлемді әбігерге салған аты жаман індет әрбір салаға соққы беріп, елді есеңгіреткені рас. Жамағат жұма намазына жыл бойы жете алмай, үнемі жетілдіріп отыратын иманына рухани әсерін ала алмай қалғаны да ақиқат. Дегенмен дүрбелен кезеңде дүние жүзі онлайн режимге көшіп, бұл үдерістен имамдар да шет қалмады. Әрбір іске сабыр сақтауды міндет санайтын мұсылман бұл сынақты бітеріне де риясыз сенді. Сенімі ақталып, Алла аурудың бетін алшақтатып бүгінде мешіт имамдары біртінде офлайн форматқа ауысып жатыр. Осындай жиынның бірі Төле би ауылындағы С.Шәкіров атындағы орта мектебінің оқушыларымен бірге өткен болатын.
Аталған жиынға Шу ауданы «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлы қатысып, батыр атындағы мектептің ұстаздары мен оқушалары алдына экстремизмнің елге тигізетін қаупі туралы түсіндірме жұмысын жүргізді. Діни сауат алу діни ағымдардан сақтанудың бірден бір жолы екені түсіндірілген бұл жиында сұрақ-жауаптар алмасып, толғандырған мәселелердің тоқтамы айтылды. Жиынға қатысушылар қажетті ақпараттарын алып, көкжиектері кеңейді. Ал, ұйымдастырушы ұстаздар Талғат Кәрібайұлына алғысын білдіріп, алдағы уақытта тізе қосып жұмыс істеуге ынталы екендерін жеткізді.
Байжан ЕМБЕРДІ,
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі



08 Қараша 2025
17 Джумада-авваль 1447

