Жауапты қызметке кіріскен Шу ауданының бас имамы Бахтияр Амантайұлы 2 айдың ішінде көптеген шараларға қатысып, ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Сонымен қатар ауылдық жерлерге шығып құтханалардың ахуалын зерделеп, тіршіліктермен танысуда.
Сондай сапардың бірі кеше берекесі тасыған Балуан Шолақ ауылында жалғасты. «Қойайдар баба» деп аталатын келбеті келіскен мешітпен танысқан бас имам Бахтияр Амантайұлы мен «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлын ауылдық мешіт имамы Аян Байтұрғанұлы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат қария, ауылдық округ әкімі Базархан Құрманәліұлы қарсы алып атқарылған жұмыстармен таныстырып, Алла үйінің іші мен тысын көрсетті.
Ауласы мұнтаздай таза, асханасы әсем, ер және әйелдер дәретханасы тап-тұйнақтай, көркіне көз тоятын бұл мешіт бірлігі жарасқан, жастары үлкендерге бағынған жамағаттың бірлікті тірлігімін түлеп отыр. Осының барлығын көзбен көрген бас имам жұмысты бас бармақпен бағалап, осы бағытта жұмысты жалғастыру керектігін айтты.
Құптан намазы алдында мешіт жамағатына бас имам уағыз айтып, қазіргі таңдағы көптеген түйткілді мәселелерге тоқталып, өте қажетті деген сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітті. Насихат соңында жамағаттың сұрағына жауап беріп, Жаратушыдан ынтымағы жарасақан жұрттың жақсылығын арттыруды сұрап дұға жасады.
Байжан Емберді,
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі