Әйелдерге қажылық парызын өтеуі үшін екі шартты ұстану қажет.
Уәжіп шарт — қажылықты адамға міндетті құлшылық ететін шарттың түрі. Оған мына шарттар жатады:
• мұсылман болу;
• ақыл-есі дұрыс әрі кәмелетке толған болу;
• азат болу;
• жеткілікті қаржысы және бос уақыты болу.
Ал мұсылманның парызы ретінде қажылықты өтеуіне қажетті шарттарға келер болсақ, оларға төмендегі шарттар жатады:
• дені сау болу;
• сыртқы кедергілердің болмауы (мысалы, абақтыға қамалу);
• жол қауіпсіздігі.
Аталмыш шарттарды ұстану барысында еркектер мен әйелдер бірдей жағдайда болады. Ал адам осы шарттардың біреуін де орындай алмайтын болса, онда қажылықты өтеу міндетті болмай қалады.
Алайда әйелдерге қажылық міндетті болуы үшін тағы да екі шартты ұстану қажет. Сол шарттың бірі: қажылықты күйеуімен не болмаса өзіне махрам болатын ер адаммен өтеу. Бұл шарт әйелдің жас шамасына қарамастан міндетті шарт болып табылады. Екінші шарт – жесір әйел немесе ажырасқан әйел үш етекір кезеңін (идда) күтуі керек.
Әйел адам жалғыз өзі қажылық парызын өтей ала ма деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі болып келеді.
Ханафи мәзһабын ұстанушы ғалымдардың пікіріне сай сапар бойы қасында болатын күйеуінің не болмаса махрам ер адамның келісімі қажет.
Махрам ер адамның дені сау, ақыл-есі дұрыс әрі күнәлі істерден бойын аулақ ұстайтын жан болуы тиіс. Демек, күйеуі не болмаса махрам адам болмаса, қажылық мұндай әйелдерге парыз болып табылмайды.
Бір ғалымдар қажылық барысында әйел махрам еркектің барлық жол және басқа да шығындарын өзінің мойнына алуы керек деп санайды. Ал егер әйелдің күйеуі болмаса немесе ол өзімен баратын махрам адамды таппаған жағдайда, онда әйел өзі үшін қажылық өтеп келетін адамды табуы керек.
Ал енді бір ғалымдар тобы егер әйелдің махрамы болмаса, онда оған өзінің орнына қажылық өтейтін адамды іздеудің қажеті жоқ деп есептейді.
Ханбали мәзһабы ғалымдарының пікірінше, қажылық парызын өтейтін әйелдің қасында күйеуінің немесе махрамның болуы міндетті шарт болып табылады. Өздерінің пікірін дәлелдеу үшін олар мына бір хадисті келтіреді:
"Аллаға және Қиямет күніне иман келтірген бір де бір әйел жолға махрамсыз шықпасын" (Бұхари, Саум, 53; Мүслим, Қажылық, 413-414).
Ал шафиғи және мәлики мәзһабтарын ұстанушы ғалымдардың пайымдауынша, қажылық парызын өтеуде әйел адам онымен бірге ерінің не болмаса махрамның бірге жүруіне мұқтаж емес. Өздерінің сөзіне дәлел ретінде олар Қасиетті Құранның мына бір аятын келтірген:
“Оның жолына шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зират ету (хаж қылу) керек. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай” (3:97).
Олардың пікірінше, бұл аят еркектерге де, әйелдерге де ортақ әрі бұл жерде махрамның қажеттілігі жөнінде айтылмаған.
Сол себепті шафиғи мәзһабын ұстанушы әйел қажылыққа сенімді деген екі әйелмен бара береді. Шафиғи мәзһабында умра уәжіп болып табылатындықтан әйел осылайша бір рет умраны да өтей алады.
Ал мәлики мәзһабына сай, әйел өзіне сенімді әйелдер және еркектер тобымен немесе еркектер мен әйелдер араласқан топпен қажылыққа бара алады. Төрт мәзһаб ғалымдарының пікірінше, бір рет қажылық немесе умра өтеп келген әйел, екінші рет қажылыққа немесе умраға күйеуінсіз немесе махрамсыз баруына тыйым салынған.
asyldin.kz