Діни сауаттылық заман талабы

Діни сауаттылық заман талабы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтаулар мен мадақтар Аллаға лайық!

     Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

     Бүгінгі күннің өзекті мәселесі, діни сауаттылықты арттыру болып тұрғаны жасырын емес. Өйткені бір адам иен далада жалғыз қалса, оған жол тауып шығу үшін сол аймақтың жолын білетін болуы керек, болмаса жұлдыздарға қарап, айналадағы жер рельефіне қарап, өсімдіктердің өсу ерекшеліктеріне қарап бағыт бағдар ала алатындай білімі болуы керек. Болмаса жапан далада адасып ажал құшуы әбден мүмкін. Дәл сол сияқты дін жолында да білім іздену өте маңызды. Болмаса жаңағы далада қалған жол білмейтін, бейтаныс жерден жол тауып шығар білім білмейтін адам сияқты күй кешеді. Жаңағы далада жалғыз қалған адам жол іздеп шаршап, аяғында әлсіреп көзіне мұнартып сағым көріне бастайды. Бір жерден су көреді әлсіреген денесін суретіп әрең жетіп қараса су жоқ. Білімі жоқ адам да тура солай интернетте бір ұстазды таптым деп ойлап, болмаса көшеден бір жақсы дін үйретушіні таптым деп ойлап, соңында сағым құшқан әлгі жолаушының кейпіне түсіп жатқанын бүгінгі өмірде талай көріп жүрміз.

     Олай болса қарап көрейік осы әлемді жоқтан бар еткен Алла Тағала бұл, яғни білім жайында не айтады екен. Құранның ең алғашқы сүресі: «Жаратқан раббыңның атымен оқы!» - деген бұйрықпен басталыпты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Күллі мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерге білім үйрену парыз!» -  деп, білім үйренудің мұсылмандар үшін қаншалықты маңызды екенін білдіріп отыр. Әрине бұның бәрі бостан босқа айтылған сөздер емес. Алла Тағала да, Алланың елшісі (с.ғ.с.) де бос сөз сөйлемейді. Білімсіз адамдарды Алла Тағала қараңғы үңгірде жарықсыз қалып қойған біреулермен теңестіреді. Шын мәнінде қараңғы үңгірде жарықсыз қалған адам көз жанарынан айырылған адаммен тең болып қалмай ма? Мінекей бүгінгі күнгі көптеген бауырлар діни білімсіздік себебінен осындай көрсоқырлық кейіпке тісіп жатқанын көрудеміз. Аздаған термин сөздерді айтып, анау олай болады, мынау былай болу керек деп көсемсіген өзі сияқты білімсіздерді ғалым көріп солардың етегінен ұстауда. Ақиқаттың қайда екенін екшеп алу үшін ізденіп оқу керек. Алғашқы сатысын мешіттер жанындағы сауат ашу курстарынан бастап, ары қарай медреселерде, университеттерде оқып жалғастыруды қиын көреміз, жалқаулыққа салынамыз. Соңында бидғат қуалап, оның арысы жиһад қуалап жүргеніміз. Мінекей, осындай діни білімсіздіктің соңы талай отбасы үшін қайғылы аяқталғаны да бүгінгі күні ешкімге құпия емес.

     Ал бұндай жағдайлар болмас үшін не істеу керек? Өте әйгілі, бірақ өте маңызды сұрақ. Ол үшін әрбір ата-ана ұл қыздарының діни сауатты болуына қатты көңіл бөлуі керек. Діни сауаттылықтың пайдасы ұшан теңіз, осы өмірдің өзінде. Біріншіден жаңағыдай теріс жолға түсіп, адасудан аман болады. Екіншіден ата-ананың қадіріне жетіп, оларға қызмет етуге құштар болады. Үлкенге құрмет кішіге ізетті үйренеді. Не істесе де Алла разылығы үшін істеуге ұмтылатын болады. Парақорлық, зинақорлық, бәлеқорлық, жалақорлық деген сияқты көптеген жаман әрекеттерден аулақ болады. Тән тазалығы мен жан тазалығына көңіл бөліп, оның соңы қоғам тазалығына алып келеді.

     Енді осы діни сауаттылық жайлы айтылғанда көп айтыла бермейтін бір мәселені айта кетуді жөн көріп отырмыз. Діни оқу оқиын деген ұл – қыздарына көп ата-ана оны не істейсің? Молда болып жүресің ба сол?... деген сияқты уәждер айтып жібермей жатады. Бұл қате түсінік. Діни оқу оқығанның бәрі бірдей молда болады деген әңгіме жоқ. Біріншіден қазіргі уақытта көптеген медреселер колледж болып мемлекеттік тіркеуден өткен. Яғни, бұл оқу орындарының дипломдары барлық жерде жарамды деген сөз. Одан ары қарай жоғары оқу орындарын бітіріп кез келген жұмыстарға тұруына да ешқандай кедергі жоқ. Оның бері жағында қазір көптеген жерлерге діни сауаты бар мамандар керек екені де белгілі. Демек діни сауатты болу деген тек қана мешіт қызметкері болу деген түсінік қалыптастырмау керек.

     Сөз соңында айтарымыз. Ағайын, ұрпағымыз бақытты өмір сүрсін десек тек қана материялдық байлықпен шектелмейтін, рухани байлыққа көңіл бөлетін діни сауатты ұрпақ болуын тілейік. Ол үшін жоғарыда айтылған сатылармен балаларымыздың діни сауат алуына ықпал етейік. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген аталарымыздың сөзінің бүгінгі таңда маңызы арта түсті деп толық сеніммен айта аламыз. Соның ішінде бүгінгі таңда онша мән бермей отырған білім саласы, бұл діни білім. Абай атамыз да: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» - деп ақылды адамның қандай болатынын әдемі сипаттап беріп кеткен емес па?

     Құрметті бауырлар! Пайдалы білім алайық! Және де алған білімімізге амал етейік! Еліміздің келешегі жастарымыздың ізгілер қатарынан болуын тілейік!

Ғалымжан Қонақбаев

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: