Қазіргі уақытта қоғамда қордаланған мәселенің бірі – дін саласында зардап шеккен адамдарды оңалту. Әр облыс пен ірі қалаларда бұл жұмыспен негізінен арнайы оңалту орталықтары айналысуда. Қазіргі уақытта қоғамда қордаланған мәселенің бірі – дін саласында зардап шеккен адамдарды оңалту. Әр облыс пен ірі қалаларда бұл жұмыспен негізінен арнайы оңалту орталықтары айналысуда. Аталған орталықтардағы теолог мамандар адасушы ағымның айтағына еріп, өмірде адасқан жандармен тікелей жұмыс істейді. Оларға теологиялық дәрістер өтіп, Қазақстанның заңдарын түсіндіріп, психолог мамандар көмек береді. Мешіт қызметкерлері мен имамдар да бұл істе шеттеп қалып отырған жоқ. Себебі адасушы ағымдар жетегіне көбіне діни білімі таяз адамдар ілігуде. Осы орайда мешіттердегі діни оңалту жұмыстары қалай жүргізілетіні және оңалту барысында нені ескеру керектігіне арнайы тоқталуды жөн көрдік.
Сүрінген тағдырлар
Мұқағали ақынша айтқанда, «сүрініп кетіп... басына қырсық орнаған» жандар діни салада әрдайым өзінікін ғана жөн санап деп бет бақтырмайды. Олар үшін «біз» және «олар» деген түсінік алға шығып, басқаларды үнемі адасқандар деп қабылдайды. Олардың таяз пайымына салсақ, қазақ ешқашан дұрыс сенім ұстанбаған, қазіргі көптеген түсініктер ширк, бидғат болып шығады. Олар тіпті ең жанашыр деген ата-ана, ағайын-туыс, бауырларын да өз сенімінде болмағаны үшін жатырқап шыға келеді. Ата-ана құқы, бауырластық сезімдерін былай ысырып, намаз оқымаған жағдайда оларды көкіректен итеріп, мұсылмандар қатарына жатқызбайды. «Мұсылман мұсылманды кәпір демесін, әйтпесе сол сөз екеуінің біріне қайтады» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін ескермейді. Сөйтіп «біздікі ғана дұрыс» деп көкірек ұрып жүргенде Сирия сияқты берекесі қашқан елден бір-ақ шығып, жұмақтағыдай өмірді аңсап барған олар алданғанын сонда ғана біліп, сан соғады. Ол жақта дұрыс өмір сүре алмай, не қайтадан елге қайта алмай дал болады. Дегенмен еліміз «Жусан» операциясын жолға қойып, толеранттылығы мен кеңпейілдігімен «адасқандардың қайтып үйірін табуына» көмек көмек көрсетті. Елге келген соң да олардың бәріне қарасып, қатарға қосылуына жәрдем беріп, сергелдеңге түскен саналарын қайта дұрыстау үшін оңалту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ағарту бағыты
Діни оңалту жұмыстарында алдымен адамның сауатын арттыруға көңіл бөлу керек. Себебі адасу сауатсыздықтан туындайды. Дініміздегі ең алғашқы бұйрық: «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» болғаны баршаға мәлім. Құранның тағы бір аятында: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп, білімсіздер мен білімділердің теңесе алмайтынын ұғындырады. Ислам діні «тал бесіктен жер бесікке дейін» білім ізденуге шақырады. Сондықтан деструктивті ағымға ергендерге тек теологиялық дәрістер өтіп қана қоймай, мұндай келеңсіздіктердің болмауы үшін ағартушылық, яғни алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Жастарға көңіл бөліп, оларды көзсіз еліктеушіліктен сақтандыру керек. Айталық, медресе-колледждер қатарын молайту, Құран жаттайтын, араб тілін үйрететін орталықтар ашу, діни сауат ашу үшін дұрыс бағыттағы брошюралар тарату, шағын кітапшалар шығару, хадистер, пәтуалар, уағыздардан қысқаметражды видеолар дайындау, қайырымдылық шараларын жиі жасау, діни біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыру. Бұған қоса, «Дін – насихат» деп хадисте ескертілгендей, дұрыс бағыттағы дін насихатын күшейту, кадр жетілдіру, шәкірттер қатарын көбейту қажет. Міне, ағарту бағытында осындай кешенді жұмыстар жасалғаны жөн.
Кеселмен күрес
Мұсылмандар қоғамның алға басуына кедергі болатын түрлі кеселдермен саналы түрде күрес жүргізуі керек. Соның бірі – білімсіздікпен күрес. Надандық негізінен осы білімсіздіктен туады. Кедейліктен арылу үшін де сауатты күрес жүргізілгені дұрыс. Алауыздықты да кесел деп ұқпайынша, қоғамның алға басуы қиын. Ахмет Байтұрсынұлы осыдан тура бір ғасыр бұрын «Қазақ» газетінде: «...Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген болатын. Біз осы бағыттағы жұмыстарды көбейтіп, еңбекқорлықты, кәсіп игеру, мамандық иесі атану, халыққа пайдалы азамат болуды үнемі түсіндіріп отыруымыз қажет.
Дін мен дәстүр
Оңалту жұмыстары барысында өз қағынан жерініп, өзінің дәстүрлі мәдениетін жатсынып, салтын жатырқағандарға дініміз мен дәстүріміздің арасы сәулелі сабақтастық бар екенін түсіндіруіміз керек. Жас келіннің сәлем салуының астарында қаншама игілікті мұрат жатыр? Келін жаңа келген ортаға ізет, ибасымен жағады. Ол «Кім үлкенге құрмет танытпаса, кішіні қорсынса, бізден емес» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисіне сәйкес үлкен кісінің алдын қия баспай, көрген жерде иіліп сәлем салады. Ізет-құрметінен жаңылмаған келінді көрген үлкендер жағы «Бақытты бол, айналайын!», «Ұл тап!», «Өркенің өссін!», «Дегеніңе жет!» деген секілді баталы тілегін жаудырады. «Батаменен ер көгерер» демендей, осындай жақсы сөздерді, бата-тілектерді келін қайтіп жаман болады? Қайта жүрегіне ізгілік ұяламай ма? Туыстардың сыйластығына да сеп болады. Бұл «Тек жақсы сөз айтыңдар» деген аятқа амал ету емес пе? Үлкеннің батасына қол жаймау, жеті шелпекке қырын қарау жергілікті діни танымнан алшақ кетуді білдіреді. Ендеше, мұндай әдемі салттарды жоққа шығарғандар не ұтпақ? Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ-ның жұмыс бағыттары аясында дін мен дәстүр ұштастығына мән беріп, Діни басқарма жанынан Діни оңалту бөлімін ашу арқылы бұл бағытты назарынан тыс қалдырмайды. Яғни республика көлемінде осы іске білімді, білікті кадрлар жұмылдырылып отыр. Сондықтан оңалту жұмыстарында ұлттық сана, қазақ мәдениеті мен тарихы, ұлттық код туралы жиі дәріптелгені абзал.
Желідегі белсенділік
Бүгінгідей ақпарат тасқыны алға озған кезеңде мешіт қызметкерлерінің жан-жақты болғаны артық етпейді. Болып жатқан мәселелерге біржақты қарау дұрыс байлам жасауға жеткіліксіз. Бүгінде интернет, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы адастырушылардың қармағына түсіп жатқандар аз емес. Сол себепті әлеуметтік желілерде белсенділікті барынша арттыру қажет. Арнайы парақшалар ашып, адастырушы діни түсініктер үнемі әшкереленіп, дәстүрлі діни таным көбірек насихатталғаны жөн. Ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты ара жігін ашып көрсетіп, жұртшылықтың діни сауатын арттыруға күш салу керек. Әрине бұл бағытта бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей тапсырмасымен ҚМДБ жанына ашылған Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі жұмыс істеуде. Атап айтқанда, медиа саласына басымдық берілді, «MUNARA TV» телеарнасы іске қосылды. Одан бөлек ҚМДБ-ға қарасты әр облыс мешіттерінің жеке сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшалары ашылды. Атап айтар болсақ, бір ғана Атырау облысында өңірдегі өкілдіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларына 400 мыңға жуық адам тіркеліп, дұрыс діни таным қалыптастырып, пайдалы ақпараттар алып жатыр.
Қазақтың мұсылмандығы
Қазақ халқының тілдік қорында «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деген сөз бар. Бұл – өте терең түсінік. Түркі даласынан шыққан мұсылман ойшылдарының адамзат өркениеті мен ғылымға қосқан үлесі аз емес. Меккеде мешіт салдырған Құнанбайдан тараған Абайдың мұрасын терең зерделей түсу керек. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», «Күндіз-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне ғашық қылған оның әмірі» деген сөздері – адасушылар айтып жүргендей қазақ халқының діни танымы таяз болмағанының дәлелі. Сол себепті оңалту жұмыстарында «қазақ зиялылары дінді білмеген» деген шолақ түсініктерге нақты, тұшымды жауаптар берілуі тиіс. Діннен зардап шеккендерді оңалту жұмыстарын жандандырып, мазмұнын тереңдетіп, ауқымын кеңейте түскенде ғана одан оң нәтиже күте аламыз.
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысы бас имамы