Ата –ананың қадірін балалы болғанда білерсің

Ата –ананың қадірін балалы болғанда білерсің

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

     Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз - санақсыз шүкірлер болсын! Барлық мақтаулар мен мадақтар жалғыз Аллаға тән!

     Екі дүние сардары  пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.), ол кісінің әулетіне Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

     Барлық жаратылыстың жаратушысы Алла Тағала екені ақылы бар адамдарға айнымас ақиқат. Соның ішінде адамзатты да жаратқан Алла. Және де біздің дүниеге келуімізге себепшілер бар. Олар біздің ата – анамыз. Мінекей осы кісілерге құрмет көрсетіп, тіршілігінде оларға барынша шынайы көңілмен қызмет ету біздің перзенттік борышымыз!

     «Әке - асқар тау, ана – етегіндегі бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Осы бір сөзді аталарымыз қалай керемет айтқан десеңізші. Асқар тау әкенің саясында, ана бұлақтан нәр алып асыр салып өскен құрағы балалары неткен бақытты. Осыдан келіп «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөз тағы да есімізге келеді. Ұлттық дәстүрмен айшықталған қазақы тәрбиені айтамыз да баяғы.

     Қазақылықты бойына сіңіріп, қазақша тәрбие көріп өскен баланың ата – анасына құрмет көрсетпеуі әсте мүмкін емес. Өйткені Алланың хақ дінімен сусындап келе жатқан халқымыз үнемі өз өмірін шариғат үкімдерімен айшықтап отырған. Әсіресе ұрпақ тәрбиесіне өте қатты көңіл бөлгенін тарихтан жақсы білеміз. «Атасы тұрып , баласы сөйлегеннен без» деген сөздің өзінен, бұрынғы біздің бабаларымыз өмір сүрген қоғамда үлкенге, соның ішінде ата-анаға деген құрметтің дәрежесін байқасақ керек.

     Ал енді Алла Тағала құранда бұл жайында не айтқанын бір қарап көрейік. Исра сүресінің 23, 24 -  аяттарында: «Раббың тек қана өзіне құлшылық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «уф» деп те айтпа (кейіме). Екеуіне зекіме әрі сыпайы сөйле. Екеуіне кеңпейілділікпен мейірім құшағыңды жай да: «О, Раббым! Бұл екеуінің мені кішкентайымнан мәпелегеніндей, сен де оларды рахымыңа бөлей гөр» - деп айт деген.

     Байқап отырсақ, ата-ананы ренжітпек түгілі оларға қарап «уф» деп айтудың өзіне Алла Тағала тыйым салып тұр. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Егерде адамдардың арасында кейістікті білдіретін «уф» деп айтудан да жеңілірек сөз болғанда еді Алла Тағала ол сөзді айтуға тыйым салар еді», - деген.

     Бірде бір кісі келіп Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), қартайған шешесінің мінезінен шаршағанын айтып шағымданыпты. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Бірақ сені шешең тоғыз ай құрсағында көтеріп жүргенде мінезі жаман болмаған шығар», -депті. Әлгі кісі: «Рас мінезі өте шатақ», - деп қайтпайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сені екі жыл бойы емізгенде мінезі жаман болмаған шығар», - десе, әлгі кісі тағы да қайтпайды дейді өз сөзінен. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған: «Сен үшін қаншама түндерді ұйқысыз өткізгенде мінезі жаман болмаған шығар», - десе, әлгі кісі: «Мен оның алдындағы борышымды баяғыда өтеп қойғанмын», - деп қарап тұр дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) таң қалып: «Анаңның ақысын қалайша өтеп қойдың?» -  деп сұрапты. Сонда әлгі адам: «Арқама салып қажылығын жасаттым» - деген екен қасқайып. Екі дүниенің сардары (с.ғ.с.): «Онда біліп қой, сен ол кісінің бір толғағын да өтей алмапсың», - депті. Міне осы бір оқиғадан алар сабағымыз перзент ата-анасының алдындағы қарызын ешқашан өтей алмақ емес.

     Бірде хазірет Әбу Һурайра жолда кетіп бара жатқан Әбу Ғассанды көреді. Соңынан бір кісі еріп келеді. Әбу Һурайра артта келе жатқан кісінің кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан әкесі екенін айтқанда, Әбу Һурайра былай деген екен: «Бұл ісің жөн болмаған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін ескермепсің. Әкенің алдында жүру - ерсі қылық. Әкеңнің не артынан жүр, не болмаса оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңе тарт. Тамаққа әкеңнен бұрын қол созба. Қабағыңмен болса да жасқап, көңіліне кірбің түсірме. Ол отырмай тұрып, сен отырма. Әкең ұйықтамастан бұрын, сен жастыққа бас қойма!»

     Сонда қарап отырсақ осы аяттар мен хадистерді жақсы білген бұрынғы ата-бабаларымыз ұрпағын кішіпейіл болуға, ата-ананың көңіліне кірбің түсірмеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тал бесіктен бастап ақ үйреткен екен – ау. Ондағы мақсат қоғамның берекелі болуы. Ата-анаға, үлкенге құрмет болмаған қоғамда берекенің болмайтыны бәрімізге мәлім. Данышпан Абай атамыз:

Әке ұрысса балаға ол да достық; 

Бала ұрысса әкеге жараса ма?  – дегенде, әке балаға ұрысса достықпен, жанашырлықпен ұрысатынын, ал баланың әкеге ұрысуы адамгершілікке жат қылық екенін әдемі жеткізген.

Бес уақыт намазыңды жинамасаң,     

Ораза ұстап жаныңды қинамасаң.

Алланың кешірмейтін бір күнәсі –

Ата менен анаңды сыйламасаң, - деген Орманбай ақынның шумақтары да ата – ананы сыйламау мұсылманға жат қылық екенін, ауыр күнә екенін жеткізіп тұр. Ендеше, ата–ананы сыйлайық ағайын! Ата–анаңыз жаныңызда болса қызмет етіңіз, дүниеден озған болса Алладан дұға тілеңіз! Ол да біздің ата-анамызға қатысты міндетіміз!

Ғалымжан Қонақбаев

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: