Адал еңбектің пайдасы

Адал еңбектің пайдасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

«Адал еңбек аздырмас,

Арамдық бойды жаздырмас»  (Халық даналығы)

       Құран Кәрімнің «Шуғара» сүресінін 27- ші аятында, Алла Тағаланың: «Егерде Алла құлдарына несібелерін үйіп төгіп бергенде жер беті бұзылып кетер еді» -  деген сөзін Шақиқ ибн Ибрахим:  «Егер Алла пенделеріне ризық несібелерін көктен түсіріп, өлшеусіз бейнетсіз тегін бере берген болса. Адамзат тіршілікте қу жалқауға, жатып ішерге жане азғындыққа ұшырар еді. Алла сол үшін әркімге тиесілі несібесін өлшеп беріп оны еңбекке байлаған» -  деп түсіндіреді.

         Хакім Абай айтқандай:  «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегеніне. Шақиқтың жоғарыдағы сөзі дәлел болмақ. Жалпы адам баласын өрге сүйрейтін қол өнері екені де даусыз. Пайғамбарлардың өміріне қарасақ жеке немесе отбасылық нәпақасын өз қол өнерлерімен адал еңбектерімен тапқанына куә боласыз. Адам (а.с ) егіншілікпен айналысты. Нух (а.с) кеме жасудын шебері болды. Идрис (а.с) тігіншілікті тізгіндеді. Муса (а.с) қой бақты. Дауд (а.с) темір ұстасы болды. Иса(а.с) емшілікті жоғарғы деңгейде меңгерді. Жалпы келгенде Алла Тағала адамның рызық несібесін еңбек етумен қол өнеріне байлады. Ал қол өнері қай заманда болмасын үлкен сұранысқа ие.

         Қол өнерін меңгеру керектігі жайлы Абай атамыз былай дейді: «Егер мал керек болса қол өнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды»- деген екен. Әлбетте табыс көзі көп болсын аз болсын. Үлкен болсын кіші болсын мәселе көлемінде емес оның адалдығында болу керек. Қолынан түк келмейтін өнерсіз адамды Абай атамыз сынға алып былай дейді:

 Өңіріміздің қылығы.

Тура сөзін айта алмай.

Қит етуге бата алмай.

Қорлықпенен шіруге.

Аз ақшаға жалданып.

Өнбес іске алданып.

 Жол таба алмай жүруге....деп қоғамдағы өнерсіздін орнын көрсетіп, болымсыз кейіпін сүмірейте суреттейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жеткен хадисте, Абдулла ибн Масғуд былай дейді:  «Адал пайда табуға талпыну парыздан кейінгі парыз»- деген. ( Байхақи).

 Асыл дініміз иманды жанды адал еңбек етуге үндейді. Адал еңбегімен мал тауып өз күнін көру, біреуден бірдеңе сұрап кіріптар болғаннан, ата- анаға масыл болғаннан әлде қайда хайырлы. «Біреуге қараған күнім құрысын!» - дегендей Лұқман Хакім өз ұлына мынадай өсиеттер айтқан екен.       « - Ұлым адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынадай үш қайғыға тап болады. Біріншісі: дінің әлсірейді: яғни сеніміне кір келтіреді. Өйткені кедейлік жаман ниеттерге жетелейді. Екіншісі: Ақылын азайтады: өйткені мұқтаждық адамнын еңсесін түсіреді, есін шығарады. Үшіншісі: Адамгершілік әлсірейді адамдарға жек көрінішті болады» -  деген екен. 

Осы үш қайғыдан құтылуды басты жолы ол Адал еңбек болмақ. Меккелік сахабалар Мединеге көшкен кезде Мединелік сахабалар өздерінің дүниесінің тең жартысын Меккелік сахабаларға берген кезде олар дүниені алмады, «бізге тек сауда орны болған базарды көрсетсең болды» - деген еді. Сахабалар өз еңбектерімен тапқан табысты жеуді құп көретін. Ал сахабалар арасында алмақтын салмағы бар деген нәрсе жоқ еді. Себебі олар тек Алла разылығын көздеп іс істейтін.

      Ал біздің қазіргі кезде алмақтын салмағы бар, бергенін міндетсініп шығуы мүмкін. Бұл көріністі Хакім Абай былай жеткізеді. «Аш қарын жұбанама майлы ас жемей»  деген өлең шумағында:

«Еңбек жоқ, қарекет жоқ қазақ кедей

 Тамақ аңдып қайтеді тентіремей» - деп елдің жалпы жағдайын сипаттап мұның арты неге әкеп соғатынында ескертеді.

 «Бір жілік пен бір аяқ қымыз беріп.

Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа деп,

 Бүйткен бейшара қалыптан құтылуға болама?

Болады екен ол үшін.

Жалға жүр жат жерге кет

 Мал тауып кел

Малың болса сыйламай тұра алмас ел

Есек артын жусаңда мал тауып кел

Қолға жұқпас еш адам кеміте алмас» - деген екен. Біреуге қараған күніңіз сізді қор қылмай қоймайды. Сондықтан, әр адамға еңбек етуге, адал табыс табуға шариғатымыз үндейді.

Айтжан КЕРИМОВ

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы

Бесағаш ауылдық «Бесағаш» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: