Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ халқы – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Салт-дәстүрлер – халық мәдениетінің аса мәнді құрамдас бөлігі, рухани байлығы. Әрбір халықтың өзіндік ерекшеліктері олардың салт-дәстүрлерінен көрінеді.
Алла тағала Қасиетті Құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр. Дін адамға екі дүние де дұрыс өмір сүрудің, Хақтың разылығына бастайтын ереже-қағидалады қамтыған иләһи бұйрықтар мен тыйымдар жиынтығын құраса,діл-халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен салт-дәстүрін,менталиеті мен әдет-ғұрыптарын, тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері мен өзіндік ойлау жүйесін, жан дүниесін,адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи – мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлық пен іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіреді.Бүгінгі күні дін жанашырларының алдында тұрған міндет – осы екеуінің біріккен тұсын таба біліп,халыққа діннің де,дәтүрдің де ортақ тіл табысатын игіліктерін ашып көрсету болып отыр. Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.
Ислам ғалымдарының бірі Имам ибн Ғабидин: «Ислам шариғатында, «әлғурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» -деген. Ал, Имам Сарахси хазірет: Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады!» -деген. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды.
Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды. Қай халықтың болмасын салт - дәстүрлері сол халықтың мінез - құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының салт - дәстүрлері мен әдеп -ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалып -тасып келеді. Қазақ елінің және қазақ халқының алдында тұрған ізгілікті мұраты – ықылым заманнан бері өзінің өміршең де жасампаз қасиетін еш жоғалтпай халқымызға қалтқысыз қызметін жасап келе жатқан барша озық игі салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы ретінде жаңа тарихи ахуалды ескере отыра басшылыққа алу, оларды еліміздің, халқымыздың, әрбір отбасы мен жеке пенденің жарқын болашағы үшін орынды да қисынды, оңтайлы да тиімді қолдана білу, тіпті мүмкіндігінше, «адамның адамилығын арттыру» бағытында жаңғырта білу. Міне, осылай болған жағдайда ғана соңғы кездегі ел-халқымыздың алдында тұрған «Рухани жаңғыру» жолындағы мақсат-міндетімізді осы жерде қарастырып жатқан салт-дәстүрімізбен тығыз байланыста екендігіне көзіміз жетеді.
Ғайырфулла Қуанышбекұлы
Жамбыл аудандық мешітінің бас имамы