Ш.Уалиханов атындағы Жамбыл облыстық кітапханасында "Діни экстремизм - ғасыр індеті" атты дөңгелік үстел өтті.
Шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, "Һибатулла Тарази" мешіттің имамдары, Әжелер алқасы, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының өклі Гүлжан Серкқызы, "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің шәкірттері, әкімшілік қызметкерлері қатысты.
Облыс бас имамы шарада "Ихсан ілімі" туралы сөз сөйлеп: "Ихсан ілімі кеше пайда болған білім емес, ол сан ғасырлар бұрын, пайғамбар дәуірінде болған. Әрі бүгінгі күні ихсан ҚМДБ бекіткен 7 бағыттың бірі. Өйткені оның адам өміріндегі алар орны маңызды," - деп атап өтті. Экстремизмнің алдын алуда діни білімнің діни иммунитет болатыны, оның ішінде ихсанның маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар осы "Ихсан ілімі" бағытына жауапты "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы Жалғас Жұбатқанов толық мағұлмат беріп, оның мән-мағынасын ашты.
Көпшілік мешіт имамдарына сұрақтарын қойып, дәйекті жауаптар алды.
Шарада сөз алған облыстық "Әжелер алқасының" төрайымы Жәмила Жұмабаева: "Мақсатымыз - ұрпақты тәрбиелеу, қыз-келіншектермен жұмыс жасау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу," - деп жасалып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Дөңгелек үстелге қатысушылар, медресе шәкірттері де өз ойларын қосты.
Сонымен қатар шара соңында барлығына мешіт атынан "Ихсан" кітабы сыйға тартылды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі