Білімді болу - мұсылманның міндеті

Білімді болу - мұсылманның міндеті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі.

Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алланың соңғы елшісіне, біздің сүйікті Пайғамбарымызға былай деп бұйрық еткен: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» -деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен.(«Алақ» сүресі, 1-5 аяттар) Алла Тағала Құран Кәрімде білімнің артықшылығын бізге былай баяндаған. «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» деген. («Зумар» сүресі, 9-аят)

Оған қоса Алла Тағала ілім берілген мүміндердін дәрежелерін басқалардан жоғары етеді. Құранда: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар» деген. («Мужәдәлә» сүресі,11-аят) Пайғамбарымыздың хадистерінде де ілім жайында аз айтылмаған. Тіпті, Пайғамбарымыз сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткендігін тарихтан білеміз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ білім турасында хадисте былай айтқан: «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» деген. «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді» дейді. Алланың «Ғалиим» (Бәрін білуші) деген есімі бар, демек ғылым-ілімді Алладан сұрау керек. «(Уа,Мұхаммад!) Саған Құранның уаһи етілуі толық аяқталмай тұрып, оны оқуға асықпа. «О Раббым, білімімді арттыра гөр!» -деп Алла дұға қылуды ескерткен. («Таһа» сүресі,114аят)

Ибн Масғұд (р.а.) «Ғылымның жоғалуы - ғалымдардың өлімімен болады" деген. Ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің аз да болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу, түні бойы ғибадат етуден жоғары» дейді.

Зүбәйр ибн Әбу Бәкір: «Әкем Иракта жүргендегі хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым – жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар». Ілім алудың маңыздылығы жайында Ислам әлемінде төртінші Халиф болған Али ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ» деген.

Ілім дүние мүліктен қымбат. Ілім сені қорғайды, малдың қорғаушысы сенсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние – мүлік жұмсаған сайын азаяды.

Білім мен тәрбие әрқашан негізгі өзекті мәселе болып келгендігі баршамызға белгілі. Қазір заман өзгерді, талап өзгерді. Бүгінгі бала-ертеңгі ел болашағы. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден-бір құдірет-білім, білімді ұрпақ»,- ХХІ ғасырды ғылым мен білімнің ғасыры деп атады.

Біздің басты міндеттеріміздің бірі қазақстандық отансүйгіштікті, адамның құқықтары мен бостандықтарын құрмет ететін азамат тәрбиелеу. «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы» - деп дана халқымыз бекер айтпаған. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан-жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.

Негізінен Алла Тағаланың кітабында және Оның Елшісінің ﷺ хадистерінде ілім (ғылым) сөзі жалпылай түрде келген. Сондықтан бұл сөз жақсылыққа бастайтын, жер бетін гүлдендіруге, адамдарға қажетті барлық пайдалы ғылымдарға қатысты кең мағынаны қамтиды. Ғылымдарды: діни және зайырлы ғылымдар деп екіге бөліп қарастыруымызға болады.

Шариғат ілімі дегеніміз – бүкіл дүниені кім жаратқандығын, қандай мақсатпен жаратқандығын, қалай жаратқандығын және сол дүниеде өмір сүру жолдарын үйрететін ғылым. Шариғи білімді меңгерген адам алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Сондай-ақ, өлімнен кейін де өмір бар екенін, адам өзі Алланың алдында істеген істері үшін сұраққа тартылатынын біледі. Сондықтан, Алланың бекіткен адал заңын бұл дүниеде берік ұстануға тырысады. Шариғаттан хабары бар адам ұрлық-қарлыққа, біреудің хақысын жеуге еш уақытта бармайды. Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады. Шариғат білімі адамды өмір бойы мазалайтын маңызды сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік береді. Яғни, шариғи білім сіздің өміріңіздің шамшырағы.

Алла тағала Құран кәрімде: «Ақиқатында аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында, адамдар үшін пайдалы нәрселер мен теңізде жүретін кемеде және Алланың аспаннан су түсіріп, онымен жер тіршіліксіз қалғаннан кейін оны тірілтуінде әрі онда түрлі жануарларды таратуында және желдердің алмасуында, аспан мен жер арасындағы бағынышты бұлттарды басқаруында ақыл иелері үшін (Жаратушының бірден бір екенін дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар» деп адамзатты ойлануға, пікір қылуға шақырады. («Бақара» сүресі, 164-аят). Сол себепті, әрбір адам, дінін сүйетін мұсылман өз саласында биіктерді бағындырып, мамандығын терең игеруі қажет. Демек адамға үйретілген ілімі тек шариғи білім емес екен.

Дін Ислам жәй ғана сенім емес, бұл – қоғам мүшелерін бейтшілік пен тұрақтылыққа шақырып, мұсылмандарды білім алуға міндеттейді. Қазақ даласында да көптеген ғалымдар, данышпан тұлғалар шыққан, сол Құран мен сүннеттен нәр алып шариғи тәлім-тәрбие алған тұлғалардың бірегейі Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады »деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталып, «Кел, балалар оқылық!» деп жалғасын табуының өзі ақиқатты аңғартып тұрғандай. Кешегі «АЛАШ» жұрттын көздері ашық, көкірегі ояу азаматтарда шариғи тәлім-тәрбиені ауыл молдаларымен медреселерден алған. Атап айтар болсақ, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров. Солардың бірі Мағжан Жұмабаев. Мағжан Жұмабаевтың білім турасында көптеген өлеңдері бар. Мысалға: Білімсіз қатқан жансыз тас деп білсе, Өнер-білім - қарны ашқа ас деп білсе Дүниенің теңізінде адасқанға Білім жайында Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім. ...»,-деген. Шындығында, адамның және жалпы ұлттың қадірі оның білімімен өлшенеді. Халықтың жері қаншалықты бай болса да, оны игеретін ғалымы, білімді азаматы болмаса одан не пайда?! Халқымыздың ұлыларынан білім жайында көптеген мақал-мәтелдер жеткен: Білім гауһар, бағасы жоқ. Надандық кесел, дауасы жоқ. Күш - білімде, білім - кітапта. Қына тасқа бітеді, Білім басқа бітеді. Өнер — ағып жатқан бұлақ, Ілім — жанып тұрған шырақ.

Мұсылман қандай салада болсын, мейлі діни салада болсын, дүниеуи салада болсын, еңбек етіп, егеменді еліміз Қазақстанды жоғары мәртебелерге паш еткізуі керек. Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!

Ғани Таңатаров 

Жамбыл ауданы. Бектөбе ауылы

" Бектөбе " мешіт имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: