Білім - таусылмайтын қазына

Білім - таусылмайтын қазына

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқырман қауымға сапалы ақпарат, діни мақала, білім беру үшін қоғамда ерекше маңызға ие тақырыптар бойынша апталықтар жариялады. Осы мақсат бойынша бірінші болып "Білім апталығы" тізгінді ұстады.  Әлбетте, білім туралы 1 аптада айтып кете салу мүмкін емес. Ол терең,  ұшы-қиыры жоқ шексіз дария. Дегенмен біз осы апталықта білім алудың маңыздылығын жеткізіп, білім алушылардың ынтасын арттыру мақсатын көздеп отырмыз. Кез келген істің басы білімде. "Білімсіз күнің жоқ" дейді дана халқымыз.

Білімге ұмтылу – Аллаға шынайы сенгендерге тән қасиет. Құран мұсылмандарды білімді байлық пен атақ үшін емес, иман үшін игеруге шақырады. Ал өз білімін тәкаппарлыққа және атаққұмарлыққа негіз ретінде пайдаланғандардың орны тозақ екенін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те айтып кеткен. Яғни білім адам баласының саналы, көзі ашық, көкірегі ояу болуы, рухани жай-күйі, иманды ғұмыры үшін қажет.

Білімнің маңыздылығын қасиетті Құранның алғашқы түскен аятынан да білуге болады. Алла пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірген алғашқы уахиында да білім алуға шақырды. Яни, «Иқра!» (Оқы!) деп басталған аят «оқу мен жазуды игер» деген мағынаны береді. Тарихта мұсылмандардың әрбірі жасы да кәрісі де, ер-әйелі де білімнің тал бесіктен жер бесікке дейін парыздығын сезінді. Қасиетті Құран мен сүннет тағылымдарына сүйеніп өмір сүрген мұсылмандар білім мен ғылымды негізге алып, ғаламға шуақ нұрын төкті. Нәтижесінде,  ислам дінінің қанаты жеткен өлкелерде ғылым, білім, мәдениет дамып, ғылымның әр саласынан есімі өшпейтіндей танымал ғалым-ғұламалар жетілді.

Сондай-ақ Құрандағы: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» – деген аят білім иелерінің өзге адамдардан бір дәреже жоғары екендігін анық көрсетеді.

Асыл дінімізде білім алу ерекше маңызға ие. Өйткені білім – амалдың негізі, мінездің басшысы және түзетуші құралы. Амалсыз білімнің пайдасы болмайтыны секілді, білімсіз амалдың да еш пайдасы болмайды. Білім мен амал – бірін-бірі толықтырушы, бір-бірінен ажыратуға болмайтын егіз ұғым.

Кез келген адам құлшылықтарын немесе айналадағы кісілермен қарым-қатынасын түзеткісі келсе, ең алдымен білімді алудан бастауы керек. Содан кейін көркем мінезін қалыптастыратын, нәпсіні түзейтін түрлі білім саласын меңгергені абзал. Алла Тағала білім алудың маңызы туралы қасиетті Құранда бірнеше жерде баяндаған. Қасиетті кітабымызда: «Пенделерінің арасында Алладан қорқатындары – ғұламалар»(«Фатыр» сүресі, 28-аят) делінген.

Білім алған сайын өзіңнің қаншалықты түк білмейтініңді сезіне бересің. Өйткені, білім - теңіз. Білім алған сайын адам Раббысын тани түседі, сенімі артады. Тіпті дүниелік білімнің түпкірлі сұрақтары Алла тағалының бар екенін, ұлылығын тануға алып келеді. Әрине шариғатта айтқандай "Оны білім иелері ғана түсінеді".

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды» армандаған кешегі 20 жастағы Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді тұлғаларымыздың сөзі елге қызмет етем деген барша азаматқа үлкен ой тастауы тиіс. Өз отбасы үшін уайым шеккен адам Отанның да болашағына жанкүйер болып, ортақ істе азаматтық танытқаны абзал. 

Адам баласының жаратылғандағы мақсаты да Жаратқанды танып, құлшылық ету. Ал оған жеткізетін жол - білім. Ақиқат ілімін оқып, жан-жақты дамуымызға мүкіндік ашып, тәуелсіз ел еткен Аллаға сансыз шүкірлер болсын. Ал осындай егемен елдің шаңырағында білім алып жатқан барша шәкірттерге Жаратқан алып жатқан білімдерін қайырлы етсін. Әмин!

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: