Исі мұсылман үшін қасиетті Жұма күні Шу ауданының бас имамы Амантайұлы Бахтияр мен «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлы 12 баланы дүниеге әкелген отбасыға арнап асарлатып салынғалы тұрған үйдің іргетасын құю жұмысына қатысты.
Игілікті істің басында «Төле би» мешітінің жанындағы қайырымдылық қорының жігіттері тер төгіп жүр. Солардың басында жапстарға жол көрсетіп жүрген жігіт ағасы Сәкен Атаевтың еңбегін атап өткен жөн. Сәкен ағамыз Алла қаласа желтоқсан айында аталмыш отбасының қоныс тойын тойлайтынын жеткізді. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан асарлатып үй салушыларға Бахтияр Амантайұлы мен Талғат Кәрібайұлы алғысын білдіріп, бұл жұмыстың сауапқа жетелейтіндігін айтып, баталарын берді. Алладан құтты әрі қайырлы болуын тілеп, киелі кітабымыз Құран Кәрімнен аяттар оқып, істің нәтижелі болуын сұрады.
Сонымен қатар, мешіт басшылары қолға күрек алып, алғашқылардың қатарында іргетасын қалады.
Байжан Емберді
Шу ауданы «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі