Күллі әлем көз тіккен Бразилияға асыл дінімізді насихаттау мақсатында жол тартқан Британ Ислам білім беру және зерттеу академиясының белсенділерінің айы оңынан туды десек те болғандай. Дүбірлі доп додасының басталғанына бір күн өте салысымен британдық уағызшыларға кезіккен жас бразилиялық кәлимаға тіл сындырып, мұсылмандықты қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, Бразилиядағы доп додасына миллиондаған футбол жанкүйерлерінен бөлек бірнеше халықаралық уағыздаушы топтар аттанған болатын. Олар осы чемпионат бойы бірнеше тілге аударылған Құран аудармалары мен Ислам діні жайлы ақпараттандыратын парақшалар тартып, асыл дінімізді насихаттамақ.
Еуропадан келген мұсылман белсенділерінің түсірген мына видеосында жас бразилиялық ағылшын тілінде уағызшылармен аз-кем сөйлесіп, олардың Иса мен Мұхаммед (Аллаһтың оларға игілігі болсын) пайғамбарлар турасында келтірілген дәлелдер тыңдаған соң, бар ынтасымен кәлимә шаһадат айтып, мұсылмандықты қабылдайды.