Бүгін Алматыдағы Әбу Ханифа атындағы медресе түлектеріне салтанатты рәсіммен диплом табыстау іс-шарасы өтті. Игі шараға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, бітіруші түлектерге диплом табыстады.
Ержан қажы Малғажыұлы ХХІ ғасыр имамдарына артылар сенім мен жауапты жұмыстың маңыздылығын айта келе, шәкірттерге дін қызметінде сәт сапар тіледі. Дұға жасап, уағыз айтты.
«Сіздердің араларыңыздан болашақта беделді дін қайраткері, Діни басқармада қызмет ететін білікті мамандар шығатынына сенімдімін», – деді Бас мүфти.
Әбу Ханифа атындағы медресенің 3 жылға жуық бағдарламасы бойынша ілім алған 13 түлектің арасында қызыл дипломмен тәмамдаған шәкірттер де бар.
Медресе директоры Құлмұхаммед Маханбет болашақ имамдарға ізгі тілегін білдіріп, осы оқу ордасына жанашырлық танытып, қолдау білдірген Дінмұхаммед Ыдырысов сынды азаматтарға алғысын жеткізді.
muslim.kz