Ағылшындардың Нельсон қаласында осыдан небары төрт жыл бұрын ашылған Әл-Ихлас мұсылмандар мектебі өткен оқу жылының қорытындысы бойынша үздік деп танылды.
«Мектебіміздің мерейін көтеріп, аз ғана уақыт ішінде осындай жетістікке қол жеткізгеніміз үшін барлық қызметкерлерге, ата-аналар мен оқушыларға алғыс білдіремін», – деп мәлімдеді мектеп кеңесінің төрағасы Имран Ашраф.
Соңғы уақыттары британ үкіметі «салафилік астыртын әрекет» ұйымдастыруы мүмкін деген желеумен мұсылман мектептерін жиі тексеруді қолға алған болатын. Дегенмен, Әл-Ихлас мектебі Бирменгемдегі бірқатар оқу ордаларына бұйырмаған үздік деген атаққа ие болып, ислам қағидалары мен заманауи білім жүйесін қатар ұштастырғанын дәлелдеді.
Әл-Ихлас мектебінде 4-11 жас аралығында оқушыларға оқу бағдарламасындағы пәндермен қатар, араб тілі мен Құран әліппесін, басқа да ислам ғылымдарын үйретуге басымдық берілген. Мектеп 2011 жылы «жақсы» деген баға алған болатын.
muslim.kz