Қордай аудандық мешітінде Әйел-қыздар секторының ұйымастыруымен "Қыз - қылығымен ардақты" атты дөңгелек үстел өтті.
Шараға аудандық "Әжелер алқасы" қатысып, қыз-келіншектерге тәрбиелік мәні зор сүбелі насихат айтты. Исламдағы әйел затының рөлі жайын тілге тиек еткен ардақты ақ жаулықтылар, шариғатымыз бен салт дәстүріміздегі қыз тәрбиесі мәселесіне кеңінен тоқталды.
"Қыз тәрбиесі - ұлт тәрбиесі" демекші, ақыл-кеңесін жеткізіп, батасын берген әжелер қашанда қандай мәселе болмасын жастардың сырын тыңдап, көмегін беруге әзір екенін жеткізді.
"Қазақы дәстүрде қыз баланың бойына қарапайымдылық, сыпайылық, биязылық, инабаттылық, ұяңдық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, имандылық сияқты қасиеттерді сіңіріп өсірген. Тарихқа зер салсақ, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелінің үлгісі емес пе?! Халқымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз болған. Ұлы Абайдың тәрбиешісі болған данагөй әжеміз Зере, анасы Ұлжанды қалай ұмытамыз? Асыл дініміз де қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады», – деген. Бұл шынымен де қыз бала тәрбиесінің ата-анаға оңай түспейтінін дәлелдейді" - деп атап өтті әжелер қауымы.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.