Бүгін облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде "28 маусым - Журналистер күніне" орай спорттық іс-шара өтті. Додаға Тараз қаласындағы Бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері жиналды.
Тілден бал тамызып, ақ пен қараны айнытпай жеткізетін, билік пен халық арасындағы байланыстырушы көпір болған журналистерге құрмет көрсетіліп, ақ дастархан жайылды.
Ер кісілер арасында журналистер мен облыстық және қалалық мешіт имамдарының қатысуымен кіші футболдан турнир жасалды.
Сайыста 6 топ бақ сынап, тартысты ойын көрсетті. Бірінші орынды "ТаразПресс" тобы қанжығасына байласа, екінші орынды "77" арнасы жеңіп алды. Ал "Тараз қалалық имамдары" тобы үшінші орыннан көрініп, "Тараз 24" тобы төртінші орынды қанағат тұтты.
Барлық жүлделі орын алған топтарға қаржылай сыйлық тарту етілді. Облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев көпшілік алдында сөз сөйлеп, тілшілерді төл мерекесімен құттықтады.
Дастархан басында мешіт қызметкерлері дін саласына қолдау білдіріп жүрген БАҚ өкілдеріне рақмет айтып, алғыс хат табыстады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі