ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жастарға Исламның дұрыс бағытын үйретуге үндеген бастамасына орай Алматы қаласының мешіттеріндегі сауат ашу курстарының жұмысымен таныстыруға арналған тәжірибе алмасу семинары болып өтті.
Семинарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан, арнайы тәжірибе алмасуға шақырылған өкіл имамдар алқасы мен өзге қонақтар келіп қатысты. Семинар барысында қаланың бас имамы Нұрбек Есмағанбет өкіл имамдарға орталық мешіттегі және қаланың өзге ірі мешіттеріндегі түрлі сауат ашу курстарының жұмысы мен әдістемесін таныстырды. Қонақтар алдында әр курстың ұстаздары өз шәкірттеріне 15 минуттық ашық-сабақ өткізіп, тәжірибе бөлісті.
Атап айтқанда:
Орыс және қазақ топтарына тәжуид және Құран үйрету;
Керең-мылқау жандарға сауат аштыру;
Араб тілі грамматикасы дәрісі,
3 күнде Құранға түсу тәсілі;
Ағылшын тілі курсы;
Құран жаттау тобы;
Ақида, фиқһ сабақтары;
Төле би мешітіндегі Зағип жандарға Құран үйрету;
Орбита мешітіндегі тігін үйірмесінің жұмыстары көрсетілді.
Мұнда қоғамның әртүрлі саласындағы әртүрлі әлеуметтік деңгейдегі адамдарға Құранды, онымен бірге Ислам дінінің негізгі мағлұматтарын мешіт арқылы үйретудің жолдары ретінде облыстарға үлгі ретінде көптеген жұмыстар мен әдістемелер таныстырылды.
ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев дәл осы тәжірибені басқа облыстар мен өңірлерде жүзеге асыру керектігін айтып, қоғамның барлық саласын қамтитын осындай курстардың көбейтілуі керектігін атап өтті.
Айта кетелік осы сауат ашу курстарынан 2013 жылы Алматы қаласы бойынша 4543 шәкірт бітіріп шықты.
Үстіміздегі жылы қаңтар айынан бастап 5 ай көлемінде жалпы ер және қыз балалардан 2000-ға жуық шәкірт сауат ашу курстарын бітіріп шығуда.
Жазғы демалыста жылдағыдай мектеп жасындағы балаларға «діни сауат ашу» демалыс лагерьлері ұйымдастырылады. Оларға Құран, сира, ахлақ дәрістерін үйретіп қана қоймай табиғатты көріп, тамашалауы үшін саяхатқа шығарып отырады.
muslim.kz