Меркі ауданындағы «Жақсымбет» мешітінің шатыры, мұнарасы мен қабырғаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Меркі ауданының орталығындағы мешіт демеушілік есебінен күрделі жөндеуден өтті. Ғимараттың күмбезі әрленіп, ислам қағидаттары бойынша аяттар жазылды. Қазіргі заманға сай жылыту қазандықтары, бейнебақылау, өртке қарсы дабыл құрылғылар орнатылды. Қазір құлшылық үйінің сырты мен ауласы жаңаша түрленіп, көркейе түсті және жаңа дыбыс күшейткіштермен (колонка) жабдықталды. Одан бөлек мешіттің дәретханасыда да іші-сырты толықтай жаңартылды.
Облыс имамы Бейбіт Мырзагелдиев арнайы сапармен келіп жамағаттың қуанышымен бөлісті. Өз сөзінде: "Құранда Алла Тағала: «Расында, Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан қорқатын (пенде) ғана тұрғызады. Міне, олар шын мәнінде тура жол тапқандар» деп, құлшылық үйін салдырушылар мен құрылысына демеу көрсетушілерді сүйіншілейді. Біз де «Жақсымбет» мешітінің қызметкерлер мен ұжымының атынан қолдау көрсеткен барша атымтай жомарттарға алғыс білдіреміз," - деп, ауыл тұрғындарына, мешіт жамағаттарына өз ықыласын білдірді.
Меркі ауданы «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі