Ресей астанасындағы Мюзик-холлда Мәскеу Мұсылмандары Діни Басқармасының «Зекет» қорымен және Әлеуметтік-қайырымдылық Департаментімен бірлесе ұйымдастырған балалар мейрамы болып өтті. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың мәулітіне арналған мейрамның мұсылман бүлдіршіндер үшін берері мен үйретері көп болғаны сөзсіз.
Мейрам аясында жеткіншектер қолынан шыққан суреттер көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, орыс халқының ертегілері мұсылмандық қалыпта сахналанды. Ал, кеш шымылдығы он жасар Абдурахманның қасиетті Құран сүресін оқуымен ашылды.
Кеш барысында бүлдіршіндерге пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі жайлы сұрақтар қойылып, жауабын тапқандарға сыйлықтар үлестірілді. Өнегелі де ғибратты кештің аяқталуы тіптен ерекше болды. «Әл-Фатиха» медресесінің кішкентай шәкірттері көпшілік алдында «Салауат» әнін орындады.
muslim.kz