Бүгін Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында «Islam.kz» ұлттық, рухани-ағарту порталының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы М.Әзілханов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов, танымал ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, т.б. мәртебелі меймандар қатысып, жаңа порталға сәт сапар тіледі.
Ұлттық һәм діни, рухани-ағартушылық мақсатта шығармашылық жоспарын бағыттап отырған аталмыш порталдың мазмұны да ерекше. Атап айтқанда, порталдың "Ататаным", "Атамұра" атты айдарларында халқымыздың генетикалық болмысында бар, көне ғұрыптық сана-түсінігіндегі адами һәм имани іс-әрекеттерді насихаттайтын әрі мәні терең ұлттық мұраларды, этнографиялық қазыналарымызды танытатын дүниелер ұсынылады.
Сайт оқырмандары «Сұрақ-жауап» айдары бойынша әркім өзін толғандырып жүрген түрлі діни сауалдарына дер кезінде жауап алып отырады. «Сөз патшасы» айдары арқылы бұрынғы және бүгінгі ақындарымыздың сүбелі жырлары жарияланып тұрады. Ал, «Иман әліппесі» бұрышы жаңадан құлшылық-ғибадат істеріне бет бұрып, ислам құндылықтарымен сусындауға ниет еткен жандарға арналып отыр. Қоғамда діни дүрдараздық туғызып жүрген өзекті мәселелерге ғылыми және нақты жауап беретін «Көкейкесті» бөлімінің де бүгінде өзектілігі ерекше.
Порталдың тағы бір басшылыққа алып отырған тақырыбы – отбасы тәрбиесі, яғни қоғамдағы әке-шешенің орны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндет-борышы, отбасы институтындағы қазақ қоғамының қазіргі таңда жіберіп отырған қателіктерін және оның педогогикалық, психологиялық тұрғыдан шешу жолдарын: нақты ғылыми негіздерге сүйене отырып, дініміз көрсеткен ізгі амалдарды насихаттау жоспарланған.
Сайтта жергілікті және ғаламдық жаңалықтар да үнемі беріліп отырады. Сондай-ақ, кейбір қоғамдық көкейтесті тақырыптарға да талдау-сараптау жүргізіліп, шешімді түйін, қорытынды жасау жоспарлануда.
"Ислам және Ғылым" атты айдарда дін мен ғылымның өзара сабақтастығын дәлелді де дәйекті деректермен ұштастыратын мақалалар жарияланатын болады. Тыңдауға және көруге арналған алуан түрлі медиа өнімдерді де порталдың назарынан тыс қалмаған.
Сайттың электронды кітапханасына жүздеген құнды діни кітаптар енгізу жоспарлануда.
«Бас редактор бағаны» атты арнайы бөлімде портал редакторы Қайрат Жолдыбайұлының танымдық мақалалары мен түрлі мәселелерге қатысты ой-тұжырымдары жарияланып, видео сұхбаттары жарық көрмек.
Сайт әкімшілігінің айтуынша, мұның бәрі жастарымыздың діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы иммунитетін орнықтырып, қоғамда дұрыс діни түсінік қалыптастыруға өз ықпалын тигізеді деп күтілуде.