Алматыдағы Ұлттық кітапханада зиялы қауым өкілдері, академик, ғалымдар Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановпен жүздесті.
«Дін бірлігі – ел тұтастығының кепілі» деп аталған кездесуге академик Сұлтан Сартаев, академик Серік Қирабаев, академик Аманжол Қошанов, жазушы Қабдеш Жұмаділов, ақын Марфуға Айтқожина, т.б. ақын жазушылар, газет-журналдың бас редакторлары қатысты.
Марат Алмасұлы Дін істері агенттігінің атқарып жатқан ауқымды іс-шаралары жайлы баяндап, жоспарларымен бөлісті. Ол жат ағымдағы жастарды қауіпті діни идеологиядан құтқару мақсатында арнайы фильмдер түсіріліп, театрландырылған көріністер қойылып жатқанын жеткізді.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дін мен дәстүр» жылы аясында Діни басқарманың игі бастамасымен бірқатар бағытта ізгі істердің жүзеге асып жатқанын айтты. «Тарихи мешіттер мен медреселер туралы, оны салдырған тұлғалар жайлы деректі фильмдер түсіруді бастап кеттік. Бұл жастар үшін ғибрат болмақ. Жат ағымдағы жастармен жұмыс барысында олардың басын біріктіретін ортақ іс-шаралар, мысалы, спорттық жарыстар, қайырымдылық жұмыстар, тағы басқа жобаларды жүзеге асырып келеміз», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Басқосуда сөз алған Сұлтан Сартайұлы дін – ұлтты сақтап қалудың жалғыз ғана жолы, Ислам – мұсылмандарды біріктіретін дін екенін айта келе, елді дін арқылы еңбекке баулу қажеттігін тілге тиек етті. Академик Серік Қирабаев Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сәдуақас Ғылманилардың мұраларын лекция етіп оқытуды ұсынса, академик Аманжол Қошанұлы «Асыл арна» телеарнасы мен «Шалқар» радиоларының таралу кеңістігін арттыру мәселесін көтерді. Ал жазушы Қабдеш Жұмаділов діни қайраткерлерінің шежіресін жарыққа шығару – күн тәртібіндегі мәселе екенін жеткізді.
150 минутқа созылған басқосуда Бас мүфти және Дін істері агенттігінің төрағасы жазушылардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Ал мүфтияттың қызметкерлері «Дін мен дәстүр» кітабын зиялы қауым өкілдеріне сыйға тартты.
muftyat.kz