«Нұр Мүбарак» Ислам Мәдениеті университетінде «Исламтану және араб филологиясы мәселелері» атты ХІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Басқосуда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы баяндама жасады. Елбасының қамқорлығымен ашылған «Нұр Мүбарак» университеті әлемдік бәсекеге қабілетті беделді оқу ордасына айналуы тиіс екенін айтты. ҚМДБ төрағасы Мысыр сапары аясында қол жеткізген жетістіктер туралы баяндады. «Біздің осы сапарымызда: «Қазақстаннан келетін шәкірттерді Әл-Азһарда жетілдіру курсынан өткізсек», – деген өтінішіміз мақұлданды. Бұдан былай, осы келісім негізінде «Нұр Мүбәракта» оқитын 10 студентіміз Мысырда бір жылдық білім жетілдіру курсында ілімдерін толықтыратын болды», – деді Бас мүфти.
Ержан қажы Малғажыұлы «Нұр Мүбәрак» тек имамдарды дайындап қана қоймай, жас ғалымдарды да ғылымға бейімдеуі тиіс екенін қаперге салды. Шәкірт тәрбиелейтін ұстаздардың, кітап жазатын ғалымдардың, білікті аудармашылар тобын қалыптастыру қажеттігін сөз етті. Студенттерді діни ғұламалардың еңбектерін зерттеуге үндеді. «Сан ғасырдан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан, дінімізбен бітеқайнасқан дәстүрді де танып-білу, арнайы пән ретінде оқытып, оны халыққа жеткізу – басты жұмыстарымыздың бірі. Ендеше, дәстүрмен сусындаған ұрпақ елжанды болып өседі. Шәкірттерге тек білім беріп қана қомай, оларды парасатты, жақсы азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі заманның талабы.
Бүгінгі конференция жұмысы шәкірттер мен ғалымдарды осынау ізгілік пен имандылыққа, ғылым жолын таңдауға үндейді деген сенімдемін. Дәстүрлі басқосу нәтижелі болғай! Конференция жұмысына сәттілік тілеймін», – деп сөзін түйіндеді Ержан қажы Малғажыұлы.
Халықаралық жиынға БҰҰ Қоғамдық Ақпарат Департаментінің өкілі Властимил Самек, Мәскеу Ислам университетінің ректоры Дамир Хайретдинов, профессор, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі, Мысыр мәдениет орталығының директоры Ашраф Дәруиш, ҚР Дін істері агенттігінің өкілі Айнұр Әбдірасылқызы, т.б. ғалымдар мен оқытушылар қатысуда. Конференцияны «Нұр Мүбарак» университетінің ректоры академик Махмұд Фаһми Хижази жүргізді. Басқосу ертеңге дейін жалғасады.
ҚМДБ баспасөз қызметі
www.muftyat.kz