Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Моңғолия мұсылмандары қоғамы арасында өзара достық және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы келісім аясында алда атқарылар ауқымды шаралар жоспарланған.
Атап айтқанда, ұрпақты ислами әдептілікке, отансүйгіштікке, өз еліне адал қызмет етуге тәрбиелеу, ұлттық мәдениет пен діни дәстүрлерді сыйлауға баулу, білімі толысқан имамдар тобын қалыптастыру, екіжақты тәжірибе алмасу, Моңғолияда тұратын қазақ ұлтының діни білімге құштар азаматтарын Моңғолия мұсылман қоғамының ұсынысымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты діни-оқу орындарына қабылдау, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысу, т.б. іс-шаралар қамтылған.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бұл келісім екі елдің бірлігі мен бауырластығын нығайтуға ықпал ететінін мәлімдеді. Моңғолия мұсылмандары қоғамының атқарушы әкімі Батырбек Хадыс ҚМДБ төрағасына діни саладағы көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Ол тарихи құжат екі мемлекеттің рухани және мәдени байланыстарына оң ықпал ететінін айтты.