Алматыда зиялы қауым өкілдерінің, тарихшы, мәдениеттенушы, өнертанушы, жазушы-ғалымдардың басын қосқан «Имандылықпен ұштасқан ұлттық құндылық» атты ауқымды дөңгелек үстел өтті. Пікір алмасу отырысын ұйымдастырған – Алматы Орталық мешіті. Бұл – «Дін мен дәстүр» жылы аясында өткізілген игі шара екенін айта кеткен жөн. Дөңгелек үстелге Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, Моңғолия елінен ресми сапармен келген мүфти Өcерхан Мұқай, Моңғолия мұсылмандары Одағының атқарушы әкімі Батырбек Хадыс, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков, мәдениеттанушы-ғалым, профессор Жақан Жамбылұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы Мәлік Отарбаев, абайтанушы-ғалым Жабал Шойынбет, кинорежиссер Еркін Рақышев, т.б. дін мен дәстүрді насихаттап жүрген белгілі тұлғалар қатысты.
Тағылымды талқылауды Алматы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағанбет жүргізді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Біз дін мен дәстүрді ата-бабаларымыз білген деңгейге жете аламай жатырмыз. Тарихы тереңде жатқан төл руханиятымызды, яғни дін мен дәстүрді бөліп қарастыруға болмайды. Осы құндылықтарымызды бірлікте насихаттау жолында үлкен жұмыстар алға қойылып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз», – деп бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс жасады. Сонымен қатар зиялы қауым өкілдерімен бірлесе жұмыс жасауды ұйымдастыруды дін қызметкерлеріне тапсырды.
Қала әкімінің орынбасары Зәуреш Жұманәліқызы дін – бірлік пен берекенің, бейбітшілік пен татулықтың тірегі екенін тілге тиек етті.Пайымды пікір алмасу барысында ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері игілікті істің маңыздылығына ғылыми көзқарастарын білдіріп, қос құндылықтың ел болып сақталу жолындағы орнын түсіндіру жұмысына баса назар аудару керектігін айтып, бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді. Дөңгелек үстелде айтылған ойлардың түйінін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Өcерхан Мұқай: Моңғолиядағы қазақтар дәстүрін бекем ұстап келеді десем артық айтқаным емес. Өйткені маңғол жеріндегі халықтың діні дәстүрі арқылы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетті. Тағы бір қауанарлық жаңалық: биыл Наурыз мерекесін ерекше атап өттік. Баян-Өлгей өлкесінің әкімі Наурыз мерекесінде әрбір қазақ ұлттық киімін кисін деген болатын. Мұндай үрдісті көрген Моңғолия парламентінің депутаты «мен қазақ халқын дін мен дәстүрі арқылы таныдым» деді. Қазақ елінің «тал бесіктен жер бесікке» дейінгі тұрмыс тіршілігі дін мен дәстүрмен ұштасып жатыр. ҚМДБ-ның 2014 жылды «Дін мен дәстүр жылы» деп атауы өте орынды. Бұл шетелде жүріп, елі, жерін сағынып жүрген біздер үшін өте маңызды. Мұны дер кезінде қолға алынған игі бастама деп бағалаймын.
Талас Омарбеков: Дін мен дәстүр – көптеген ғалымдарды толғандырып келе жатқан мәселе. Бүгінгі күнге дейін ғалымдар дін мен дәстүрді бөліп қарастыруға тырысып келе жатыр, бірақ ешқайсысы айтарлықтай нәтижеге жете алған жоқ. Дін мен ғылымды жақындастыратын бірден-бір жол – дәстүр. Дінімізді халыққа жеткізу үшін дәстүрді жаңғыртқанымыз жөн. Сол арқылы дін мен дәстүрді тұтастыра зерттеуіміз керек.
Жақан Жамбылұлы: Дін мен дәстүрдің тарихы тереңде. Осы бағытта біріге жұмыс жасаудың негіздеріне тоқталып өтсем. Бірінші: рухани сауаттылықты арттыру керек. Екінші: ортақ мақсат, бағытымыз бір болу үшін мәдениет керек. Бұл бағыттағы нәтиже де ортақ болмақ. Үшінші: Дағдарыс бүкіл әлемде, әр ұлтта, жастар арасында да жүріп жатыр. Енді бізге қым-қуыт жаһандану уақытында қандай өріс жетпей жатыр? Меніңше, интеллектуалды дәстүр жетіспейді. Біз дін мен дәстүрді интеллектуалды дәстүрмен ұштастыруымыз керек. Егер осы кеңістікте бірігіп қызмет жасасақ, пікір алмасып отырсақ, үлкен жетістікке қол жеткізер едік.
Еркін Рақышев: Әдеп, ғұрып сынды асыл құндылықтар қазіргі уақытта жастардың бойындағы теріс қылықтарына тосқауыл қоятын қару десек болады. Дін мен дәстүрді бойына сіңірген ұрпақ ұлттық құндылық пен тәрбиеленеді. Бауырмал, ет жүректі, интеллектуалды ұрпақ болып қалыптасары сөзсіз.
www.muftyat.kz