Ақиық елші – Мұхаммед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) сенімді серіктерінің бірі, дін таратуда өлшеусіз үлес қосқан саңлақ сахабалардың бірі – Муаз ибн Жабалдың (р.а.) өзі іргетасын қалаған Йемендегі мұсылмандар үшін қадыр-қасиеті бөлек, тарихи маңызы зор мешіт қираудың алдында тұр. Одан айырылып қалмау үшін уақыт ұзартпай күрделі жөндеуден өткізу қажет. Халқының дені мұсылмандардан тұратын, өткен жылы Йеменнің мәдени орталығы аталған Таиз қаласынан аса қашық емес «әл-Жунд» мешітінің осыншалықты тозып кеткені қынжылтады. Мұндай жәдігерлердің сирек кездесетінін ескерсек, саусақпен санына да жетпейтін әлгіндей тарихи орындарды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл бізге де қатысты. Тоталитарлық режимде талай жәдігерден айырылып қалғанымыздан сабақ алуымыз керек.
Құрылыс инспекторы Таха Улбанның сөзіне қарағанда, мешіттің қабырғаларында және шатырында үлкен жарықшақ пайда болған. Ал мұнарасы бір бүйіріне қисайған. Осынау мешіттің қызметкері әл-Иззи Мүсліктің айтуынша, бұған осы мешітті қалпына келтіруге көмектескен италиян инженерлері кінәлі көрінеді. Бұл мешіттің кітапханасында Муаз ибн Жабалдың жазған-сызғандары сақтаулы жатыр.
muslim.kz