Иман мен ислам негіздері ақыл біліміне негізделеді. Ал олардың шынайы деңгейде жүзеге асуы һәм мызғымас тірекке, рухани ахуалға байланысты. Мұны асыл дінімізде «Ихсан» деп атайды.
«Ихсан деп – шариғат талаптарын көркем түрде орындауды айтамыз».
Алла Тағала жаратылыстарын көркем етіп жаратқан. Алла Тағала Өзінің жаратылыстары турасында айтқанда, оларды ең көркем түрде жаратқандығын көптеген аяттарда баяндаған.
«Ол сондай Алла, әр нәрсенің жаратылысын көркем етті. Адам баласын балшықтан жаратты» «Сәжде» сүресі, 7 аят
Тағы бір аятта былай делінеді:
«Алла саған көркем жақсылық еткендей сен де көркем түрде жақсылық істе» «Қасас» сүресі, 77.
Пайғамбарлар Алла Тағаланың бұйрықтарын ең кемел деңгейде орындаушы, ең ықыласты құлдары. Олардың ихсан дәрежесіндегі амалдарының сыйы есепсіз болатындығы көптеген аяттарда баяндалған. Мысалы:
«Ибраһимге сәлем. Көркем игілік істеушілерге осындай сыйлық береміз» «Саффат» сүресі, 109-110
Ихсан – Алла Тағаланың әмірлерінен. Құранда:
«Негізінде Алла әділетті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан һәм зорекерліктен тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер», «Нахыл» сүресі, 90 делінген.
Ихсан – адамның өмірге жаратылған негізгі мақсаттарының бірі. «Мүлік» сүресінде Алла Тағала өлім мен өмірде адамдардың ішінде қайсысы ихсан дәрежесінде амал жасайтындықтарын сынау үшін жаратқандығын хабар етіп, былай дейді:
«Ол сондай сендердің қайсыларың ең көркем түрде жақсылық амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» «Мүлік» сүресі, 2
Ихсан: құлшылықтағы ихсан, әрі адамдармен қарым – қатынастағы ихсан болып, екі түрге бөлінеді.
1. Құлшылықтағы ихсан.
Бұл - дініміз талап еткен құлшылықтардың қайсысын да ең көркем түрде атқару дегенді білдіреді. Омардан (р.а) жеткен хадисте, Жәбірейіл (ғ.с) періште Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Маған енді ихсан жайында хабар бер», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ол сенің Аллаға Оны көріп тұрғандай құлщылық қылуың, егер оны көріп тұрғандай бола алмасаң, Ол сені көріп тұр (деп құлшылық қылуың)», - деп ауап береді. Бұл хадистен, құлшылықтағы ихсанның екі дәрежесі болатындығын түсінеміз.
А) Алла Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық қылу;
Ә) «Алла мені көріп тұр» деп құлшылық қылу.
2. Адамдармен қарым – қатынастағы ихсан.
Адамдармен қарым – қатынастағы ихсан дегеніміз – адам басқалардың өзіне қандай көркем қарым – қатынас танытуын қаласа, өзі де сондай көркем қатынаста болуы. Алла Тағала Құран аяттарының көптеген жерінде ихсан сөзін адамдарға қарым – қатынасқа қатысты қолданған. Мәселен, мына бір аятта Алла Тағала ата – анаға жақсы қарым – қатынас жасауды бұйырып:
«Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар, және әке шешеге көркем түрде жақсылық қылыңдар», «Ниса» сүресі, 36 - деп айтқан.
Ихсанның пайдалары және жемістері
Ата – анаға кішірейіп жақсылық жасап, олар үшін дұға тілеп, әрдайым қасынан табылу. Көршімен көркем түрде қарым – қатынаста болу, сыйласу, мұқтаж болса жәрдемдесу, қуаныш пен қайғыда ортақтасу. Міскіндер мен жетімдердің хақыларына қол сұқпау, тәрбиесіне үлес қосу, жәрдем қолын созу, жәбір көрсетілуіне жол бермеу. Жақсылық жасап жамадықтан тыйылу. Пайдасыз сөздерден шамасы келгенше арылу, өзін тәрбиелеу. Жануарларды азаптамай, мейірімділік таныту. Әр құлшылығын, ұлылықпен, күнә мен риякерліктен сақтап, бар ықыласты Көруші, Бақылаушы, Естуші Алла Тағалаға арнау.
Жалпы мұсылман адам жоғарыда айтылған пайдалы істерге өзінің септігін тигізіп, көркем түрде атқаруы қажет.
Алмас Нурбеков
Тараз қаласы«Салы молда»
мешітінің наиб имамы