Бауырмалдық - асыл қасиет

Бауырмалдық - асыл қасиет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Төрткүл дүние көз алдымызда өзгеруде. Жаңғырған қоғамда адамгершіліктің асыл қисеттерін жас ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор. Әсіресе, бауырмашылдық сезімі  турасында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде мүміндер бауыр» дейді.

Алла Тағаланың адам баласына берген нығметінің бірі – бауырмалдық. Бауырмалдық – туыс адамдардың арасындағы бір-біріне деген мейірімділігін, жанашырлығын, қамқорлығын білдіретін қасиет. Әр адамды жақын санап, қамқорлық көрсету - өзара сыйластықты, бірін-бірі құрметтеу, жақын тұту сезімдерін қалыптастырады. Адамдарды тіліне, дініне, ұлтына бөлмей, кез-келген жағдайда оларға көмектесуге әзір тұру, көмек қолын созу да бауырмалдықтың белгісі болып табылады. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Әл  Имран» сүресі, 103-аятында: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды» - делінген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мәдина қаласына һижрет жасаған кезінде ең маңызды амалдарының бірі - Мәдина мұсылмандарын татуластыруы, бір-біріне бауыр  жасауы тарихтан белгілі. Халқымыздың мақтанышы болған Әлихан Бөкейханұлы «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса - халықтық мақсат сонда орындалады», - деген екен.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар: «Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылыққылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу, Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұраққою, малды ысырап ету.

Басқа бір хадисте:  «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннәттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын»деген.

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деп Абай атамыз айтқандай, Алла разылығы үшін жанымызда жүрген адамдарды жақсы көру, қоршаған ортамызға қамқорлық таныту, дінімізде мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де зиянын тигізбейтіндігі, мал-мүлкіне  сұқтанбайтындығы айтылған. Сондай-ақ, «Хужурат» сүресінің 10-аятында мұсылмандар бір-бірімен ажырамас ағайын-туыс екендігі, араларында ұрыс-керіс, дау-жанжал болмайтындығы, егер бола қалған жағдайда тез арада татуластырып жіберу сауапты іс екендігі айтылған: «Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар да Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер».

Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі, (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала да оны қиямет-қайымның қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады»,- деп айтты», - делінген.

Адамгершіліктің құнды қасиеттерінің бірі-бауырмалшылдықты өсіп келе жатқан жас ұрпақ бойына сіңіру үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  өмір жолынан үлгі алып, хадистерін терең ұғынудың өзектілігі артып келеді.

Қорыта айтқанда, қоғамның осал топтарына көмек беру, жәрдем қолын созу, адамдарды Алла үшін жақсы көру, жан дүниеңді көреалмаушылықтан сақтау, тілге сақ болу, шамаң жеткенше бауырыңның дүниелік істерін өтеуге көмек беру, жақындарыңның қателіктері кешіре білу, көркем мінезділік таныту - ислам шариғатында мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық ренжуіне тыйым салынатындығын естен шығармағанымыз абзал.

Бауырмалдық, кішіпейілдік, имандылық  салтанат құрған жерде  бірлік пен татулық қанат  жаяды, еліміз өсіп, өркендейді.

Рамиз қажы Азизов

 Жамбыл облысы, Байзақ ауданы

«Байзақ баба» мешітінің бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: