ДҰҒА ҚАБЫЛ БОЛАТЫН МЕЗГІЛДЕР

ДҰҒА ҚАБЫЛ БОЛАТЫН МЕЗГІЛДЕР

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала әрдайым сырлар мен сыбдырларды Естуші, жасырын мен әшкерені Көруші, жүректер мен жағдайлардан Хабардар. Дей тұрғанмен, Жаратушымыз кейбір уақыттарды ардақты етті әрі сол уақыттарда жасалатын құлшылықтар, дұғалар Алла үшін басқа уақыттарға қарағанда артығырақ әрі сүйіктірек.

 Бұл уақыттарда жасалған дұғалардың қабыл болу мүмкіндігі де жоғары. Әрбір мұсылман бұл уақыттарға ерекше көңіл бөлуі қажет, - деп айтады Пайғамбарымыз.

 ПАРЫЗ НАМАЗДАН КЕЙІН

«Бірде адамдардың бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Қай дұға тез қабыл болады?» – деп сұрағанда, Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түннің соңғы бөлігі мен парыз намаздарының соңы», – деп жауап береді» (Тирмизи).

 

АЗАН МЕН ҚАМАТ АРАСЫНДА

Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Азан мен қамат арасындағы дұға кері қайтарылмайды. Сол уақытта дұға қылыңдар», – деді», – деген (Әбу Дәуд, Тирмизи). 

 

ЖАҢБЫР ЖАУҒАН КЕЗДЕ

«Екі дұға кері қайтарылмайды немесе аз қайтарылады: азан уақытындағы   (намазға азан шақырылғанда) және жауын астындағы» (Хаким).

 

ТҮННІҢ ҮШІНШІ (СОҢҒЫ) БӨЛІГІНДЕ 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пенденің Раббысына ең жақын болатын кезі – түннің соңғы бөлігі. Егер сол сағатта Алланы зікір етушілерден бола алсаң, бол» деген (Тирмизи). Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Раббымыз тәбәракә уә тағала әрбір түннің соңғы үштен бір бөлігінде аспан дүниесіне түседі де: «Маған дұға қылып жатқан кім бар екен, жауап берейін. Менен сұрап жатқан кім бар екен, сұрағанын берейін. Менен күнәсін кешіруді тілеп жатқан кім бар екен, кешірейін», – дейді», – деді», – деген (Бұхари). Келесі хадисте: «Аспанның қақпалары түн жарымында ашылады да, бір шақырушы: «Дұға қылып жатқан жан бар ма екен, дұғасы қабыл болады. Қажетін сұрап жатқан жан бар ма екен, сұрағаны беріледі. Бәлеге ұшыраған жан бар ма екен, бәлесінен құтылады», – деп жар салады. Сол уақытта қандай да бір мұсылман дұға қылса, Алла Тағала оның дұғасын қабыл етеді. Тек жезөкше мен адамдардың малын күшпен тартып алушының ғана дұғалары қабыл болмайды» делінген (Табарани). Алла Тағала таң алдындағы сәресі уақытында жарылқау тілеушілерді:«Олар түннің аз бөлігін ғана ұйықтайтын еді. Ал сәрелік уақытта олар жарылқау тілейтін» деп мақтайды («Зәрият» сүресі, 17,18-аяттар). 

ТҮННІҢ СОҢҒЫ БӨЛІГІНДЕ АЙТЫЛҒАН ЗІКІРДЕН КЕЙІН

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім түнде оянып: «Алла Тағаладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Бүкіл билік Оған тән әрі барлық мақтау-мадақ Оған ғана лайық. Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән, Алла пәк, Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ, Алла ұлы, Алла Тағаланың күш қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ» (Лә иләһа-иллә-лләһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу ләһул-мулку, уә ләһул-хамду, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир. Әл-хамду лиллаһ, субханаллаһ, уа ләә иләәһа илләллаһ, уаллаһу акбар, уа лә хаулә уа лә қууата иллә билләһ», деп Алладан кешірім сұраса, яки, дұға қылса, дұғасы қабыл болады. Егер дәрет алып, намаз оқыса, намазы қабыл болады» (Бұхари).

ӘР ТҮННІҢ БІР МЕЗЕТІ  

Жәбирден (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шынында түн ішінде бір сағат бар, қайсыбір мұсылман кісі сол сәтке дөп келіп, Алладан дүние және Ақырет істерінің қайырлысын сұраса, сұрағанын береді. Және сол сағат әр түні  бар (яғни қайталанады)», – деді», – деген (Муслим). 

 

  ЖҰМА КҮНІНЕ ЖАСЫРЫЛҒАН УАҚЫТТА  

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде жұма күні туралы уағыз айтып жатып: «Онда бір сағат бар, қайсыбір мұсылман оған дөп келіп, намаз оқып тұрған күйінде Алладан бір нәрсе сұраса, сұрағанын береді», – деп қолымен ол уақыттың аз екендігін көрсетті», – деген (Бұхари, Муслим). Басқа хадисте:«Жұма күні – он екі сағат. Олардың арасындағы бір сағатында қандай да бір мұсылман Алладан бір нәрсе сұраса, сөзсіз береді. Оны екінтіден кейінгі соңғы сағаттардан іздеңдер» деп келеді  (Әбу Дәуд, Нәсаи). Әбу Бурда ибн Әбу Мұса әл-Ашғари: «Бірде Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) менен: «Әкеңнен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұма күніндегі бір сағат туралы айтқан хадисін естімедің бе?» – деп сұрады. Мен: «Иә, естідім. Ол: «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сол сағат имам мінберге отырғаннан бастап намаз аяқталғанға дейінгі уақыттың аралығында», дегенін естідім», – деп айтқан», дедім», – деген (Муслим). Ғұламалар жұма күніндегі сол сағаттың екінті намазынан кейін келетіндігі туралы пікірді қоштап: «Намаз уақыты да – дұға қабыл болатын уақыттың бірі. Демек, екі уақыт та – дұға қабыл болатын шақтар. Алайда хадисте арнайы айтылған екінті намазынан кейінгі соңғы сағат – сол жұма күнгі белгіленген сағат. Оның алдында да емес, кейін де емес. Ал намаз уақытындағы сағатқа келсек, ол намаздың ішіне кіріп кетеді. Оның алдында не ақырында болуы мүмкін. Өйткені мұсылмандардың бір жерге жиналып, намаз оқып, жалбарынып дұға қылуы дұғаның қабыл болуына әбден әсер етеді. Демек, олардың сол жиналған мезгілі де – дұғаның қабыл болуы ықтимал уақыт. Осылайша бұл тақырыптағы хадистер бір-бірлерімен толықтай сәйкес келеді», – деген. 

 

  ҚАДІР ТҮНІ  

АллаТағала: «Шындығында Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхаммед!) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Бұл түні періштелер мен Жәбірейіл Раббыларының рұқсатымен Оның барлық әмірлерін орындау үшін төмен түседі. Ол түн таң атқанша бейбіт болады», – деп айтқан («Қадыр» сүресі). Айша (Алла оған разы болсын): «Бірде Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Елшісі! Егер мен түннің Қадір түні екендігін білсем, не деуім керек?» – деп сұрағанымда ол: «Уа, Алла! Шындығында Сен Жарылқаушы әрі Жомартсың, жарылқағанды жақсы көресің. Мені де жарылқай гөр!» деп айт», – деді», – деген (Тирмизи, Ахмад). 

 

 ОРАЗА ҰСТАҒАН ЖАННЫҢ ДҰҒАСЫ  

«Ораза ұстаушының ауыз ашар алдындағы дұғасы қайтарылмайды» делінген хадисте (Ибн Мәжәһ, Хаким). 

 

АРАФА КҮНІ ҚАЖЫЛАР АРАФАТТА ТҰРҒАН КЕЗДЕ

«Дұғаның ең қайырлысы – Арафа күні жасалған дұға. Менің және менен бұрынғы пайғамбарлардың айтқандарының ең қайырлысы: «Лә иләһә илләллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһу, ләһул-мулку, уә ләһул-хамду, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир (Алладан басқа ешбір құдай жоқ. Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Мүлік Оған тән және мақтаулар да Оған тән. Ол әр нәрсеге Құдіретті)» (Тирмизи). 

 

ЗУЛ-ХИЖЖА АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОНКҮНДІГІНДЕ 

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ізгі амалдар күндерінің ішінде Аллаға осы күндерден (яғни, зул-хижжаның алғашқы онкүндігінен) артық сүйіктісі жоқ», – деп айтқан. Сонда сахабалар: «Уа, Алла Елшісі! Тіпті, Алла жолындағы күрес те артық бола алмай ма?» – деп сұрағанда, ол : «Алла жолындағы күрес те артық бола алмайды. Тек өзінің жан-тәні және малымен шығып, кейін осының бәрін пида еткен пенде ғана артық бола алады», – деп жауап берген» (Бұхари).   

 

МҰСЫЛМАНДАР ЖИНАЛЫП, АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА 

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.): «Алланың зікір етушілерді іздеп, жолдарды кезіп жүретін періштелері бар. Олар Алланы зікір етіп жатқан адамдарды көргенде бір-бірлеріне: «Қанеки, іздегендеріңді көріңдер», – деседі. Одан кейін олардың зікірлерін қоршап, аспан әлеміне бет алады. Сонда Раббы Тағала Өзінің барлық істен хабардар екендігіне қарамастан олардан: «Құлдарым не деп жатыр екен?» – деп сұрайды. Олар: «Олар Өзіңді пәктеп, тәкбір айтып, мақтап, ұлықтап жатыр екен», – деп жауап береді. Сонда Раббы: «Мен оларды кешіргеніме сендерді куә етемін», – дейді. Сонда періштелердің бірі: «Олардың арасында пәлен деген кісі олардан емес, ол басқа мақсатпен келген», – дейді. Сонда Раббы: «Олардың барлығы бірге отыр, олардың қастарында отырғандар ешқашан бақытсыз болып қалмайды», – деп айтады», – деді» (Бұхари). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай да бір қауым Алла Тағаланы зікір етіп отырса, оларды періштелер қоршап, Алланың рақымы баурап алады және олардың арасында тыныштық орнайды. Алла олар туралы қасындағы періштелеріне айтады», – деген (Муслим).   

 

ЗӘМЗӘМ СУЫН ІЗГІ НИЕТПЕН ІШКЕН КЕЗДЕ

Жәбир (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Зәмзәм суы ішкен ниетіне байланысты», – деген (Ибн Мәжәһ). Яғни, мұсылман Зәм-Зәм суын ішкенде сырқатынан айығуды ниет етсе, Алланың қалауымен шипа болады, шөлін қандыруды ниет етсе, Алланың қалауымен шөлі басылады. Егер дұға жасап, қабыл болуын ниет етсе, Алланың қалауымен дұғасы да қабыл болады. 

 

СӘЖДЕГЕ БАС ҚОЙҒАНДА  

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пенденің Раббысына ең жақын болатын уақыты – сәждеде жатқан кезі. Ендеше дұғаны (осы кезде) көбейтіңдер», – деген (Муслим).   

 

ЖҮНІС ПАЙҒАМБАРДЫҢ (а.с.) ДҰҒАСЫМЕН ТІЛЕСЕ  

Сағдтан (Алла оған разы болсын). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Балық иесінің (Жүніс пайғамбардың) киттің ішінде жатып жасаған дұғасы: «Лә иләһә иллә әнтә субханәкә инни кунту миназ-залимин (Уа, Алла! Сенен өзге Құдай жоқ, Сен пәксің! Шынында мен залымдардан болдым)». Қайсыбір мұсылман адам осы дұғамен қажетін тілесе, Алла оның дұғасын қабыл етеді», – деді (Тирмизи, Ахмад). 

 

БАСҚА БӘЛЕ-ҚАЗА ТӨНГЕНДЕ  

Умму Сәләмадан (Алла оған разы болсын). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай да бір мұсылманның басына бір бәле келгенде Алла әмір еткен «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиъун (шынында біз Аллаға тәнбіз және расында Оған қайтушымыз)» деген сөзді айтып: «Уа, Алла! Қасіретім үшін сауап бере гөр! Оны қайырлы нәрсемен ауыстыр», – десе, Алла оны одан қайырлымен ауыстырады», – деді. (Муслим). Сондай-ақ, құлшылық етуші қиындықтар жоқ кезде, аман саулықта да дұға жасауы керек екен. Өйткені, хадисте: «Кімде-кімді қиындық және қайғы басқан кезде Алла Тағаланың оның дұғасын қабыл еткені қуандырса, амандық, игілік кезде де дұға етсін» делінген (Тирмизи, Хаким).   

 

КІСІ ҚАЗА БОЛЫП, АДАМДАР ОҒАН ДҰҒА ЕТКЕН УАҚЫТТА

Умму Сәләмадан (Алла оған разы болсын). Әбу Сәләма қайтыс болған кезде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйімізге кірді де, оның екі көзін жапты. Сосын ол: «Рух алынғанда көз оның ізіне қарап қалады», – деді. Сонда Әбу Сәләманың үй-іші у-шу болып кетті. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өздеріңе тек қайырлылық тілеңдер. Өйткені періштелер сендердің сөздеріңе «әмин» деп тұрады», – деді. Содан кейін: «Уа, Алла! Әбу Сәләманың күнәсін кешір, оны сыйға бөленушілердің дәрежесіне көтер, артында қалғандарды жақсылықпен ауыстыр, бізді және оны кешіре гөр, уа, әлемдердің Раббысы! Оның қабірін кең етіп, ішін нұрландыра гөр», – деп дұға қылды». (Муслим).

 Ахат Қайыпбергенұлы

 Талас аудандық Қаратау «Қажы би» мешітінің ұстазы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (3)

Оқи отырыңыз: