Аса қамқор рекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Сан ғасырлар бойы қазақ даласына ұлы болған Ханафи мазхабы дәріптеліп келуде. Ханафи мазхабының атауының өзі «тура, түзу» деген мағынаны береді. Ханафи мазхабының негізін құраушы Нұғман ибн Сабит (Алла ол кісіні рахымына бөлесін) ілім жолында көп шәкірт шығарғандығы соншалық ұлы Имам Ағзам Абу Ханифаның мазхабын ұстанушыларды әлемнің түкпір-түкпірінен табуға болады. Сондықтан ислам ғұламалары имам Ағзам Абу Ханифа Нұғман ибн Сабитті «ғұламалардың ұстазы» деп атаған.
Ұлы ғұламалардың артынан ілесіп, әсіресе, имам Ағзам Абу Ханифа мазхабын ұстану мұсылмандардың басына Алла Тағала тарапына берілген үлкен нығмет. Тура жолды ұстанған адамдар екі дүниеде де бақытты болары сөзсіз. Бұл жолды мойындамау немесе тура жолдан ауытқу немесе шариғаттан бөліну үлкен қателік болып табылады. Осыншама, елімізге берілген нығметті қадірлей алмай, ислам ғұламалары құптамаған өзге бір жолды ұстану үлкен қателік және бұл жат ұстаным елімізге салған дін дұшпандарының іріткісі екендігіндігінде күмән жоқ. «Бөлінгенді бөрі жейді...» демекші, ислам шариғаты да бөлінуді құптамайды. Елімізде осындай үй ішінен үй тіккен дін бұзарлардың кесірінен, жат ағымның жетегінде кеткен жастарымыз аз емес. Ол жастардың ішінде өз қатесін түсініп, өкінгендері де жоқ емес. Осыған орай, өзге жат ағымның жетегінде кетпеу үшін елімізде алдын алу, оңалту, түсіндірілу жұмыстары қарқынды түрде атқарылуда.
Құранда Алла Тағала "Әл-Имран" сүресі 103 аятында мәрхамат қылып айтады:
وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا
«Барлығыңда Алланың желісіне (яғни хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер...»
Атамыз Қазақтың: «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен...» деген сөзіндей, бұл жат ағым еліміздің жұдырықтай болып жұмылып бірігер уақытында, бөрі секілді етектен шауып, мемлекетіміздің дамуына нұқсан келтіруде. Сол себепті діни мәселедегі сұрақтарды көшеде көрген кез келген адам немесе интернет желісінен емес, арнайы бекітілген ресми орындардағы ресми тағайындалған адамдардан сұрауға кеңес беріледі. Ресми орындар ол мешіттер болса, ресми адамдар арнайы Қазақстан Республикасы Мұсылмандар діни басқармасы тағайындаған мешіт имамдары мен ұстаздары.
Алла тағала бұл дінді кемел қылды, пәк қылды және қияметке дейін бұл діннің абыройын сақтап ұлылығын түсірмесі анық. Теңіздің толқыны оған түскен қоқысты қалай жағаға шығарып тазалайтын болса, уақыт өте бұл адасушы ағымдарды да Алла Тағала дін Исламнан тазалап отырады. Оған тарих беттері куә! Тек біз осындай шақта олардың шылмауына ілініп, арбауына түсіп қалмауымыз қажет.
Алла Тағала Елімізді аман, жұртымызды тыныш қылып, жат ағымның адасушылығынан сақтағай! Ата-бабамыз ұстанып келген хақ жолдан айырмағай. Әмин!
ХУСАИНОВ АЛТЫНБЕК
ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ
«КЕҢЕСХАН ҚАЖЫ» МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ