Адамның нәпсісін тәрбиелеп, оны тазартуы – Алла елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерге бұйырған міндеттерінің бірі. Адамның хайуани инстинктілерге еріп кетуін нәпсіқұмарлық деп атаймыз. Шариғатымыздағы нәпсі тәрбиесі дегеніміз – пайдалы білім мен ізгі амал, діннің бұйрықтарын орындау мен тыйымдарынан тыйылу арқылы жанды тазарту деп түйіндесек болады.
Қасиетті Құранда Жаратушы Жаппар Иеміз Алла Тағала адамның нәпсісі үш түрлі жағдайда болатынын баян еткен.
- Ән нәфсул әммәрә. Яғни, жамандыққа бұйырушы нәпсі деген мағына. Нәпсінің бұл жағдайына қатысты аят каримада: «Нәпсімді ақтамаймын, расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мархабат етсе, ол басқа. Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Юсуф – 53 аят) - деп айтылады. Ондай нәпсіден Алладан пана тілеп Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құтпасында былай дейтін еді: «Бүкіл мадақ Алла Тағалаға тән. Біз Алланы мақтаймыз, Одан жәрдем тілейміз және кешірім сұраймыз, нәпсіміздің жамандығынан Аллаға сыйынамыз».
- Ән нәфсул ләууәмә. Яғни, өзіне сөгіс беруші деген мағына. Бұл – мүмін адамға тән нәпсі. Қасиетті Құранда: «Жоқ, сөгіс беруші нәпсіге ант етемін» (Қиямет – 2 аят) – делінеді. Алла Тағаланың өзін сөгуші нәпсімен ант етуі – нәпсінің осы түрінің артықшылығын көрсетеді. Бұл – күнәлі іс жасаса, өзін сөгіп, ол ісіне өкініп, тәубе етіп, артынша жақсы амал жасайтын адамның нәпсісі.
- Ән нәфсул мутмә иннәһ. Яғни, орныққан нәпсі деген мағынаға саяды. Бұл нәпсінің ең үлкен дәрежесі. Ол жайында Құранда: «Әй, орныққан нәпсі! Раббыңа, Ол сенен, сен Одан разы болған түрде қайт! Енді құлдарымның арасына кір! Сондай-ақ жәннатыма кір!» – делінген (Фәжр 27-30 аяттар). Бұл жүректің нұрымен нұрланып кемелденген, жаман сипаттардан арылып, көркем мінезге ие болған нәпсі. Яғни, Алла Тағаланың бұйрықтарын орындауға орныққан, Оның тағдырына ризалық танытушы, Оған тәуекел еткен, иманның дәмін сезінген адамның нәпсісі. Адам баласының өз нәпсісін тәрбиелеудің екі жолы болады. Оның алғашқысы адамның өз бойында жақсы қасиеттерді қалыптастыру болса, екіншісі бойындағы жаман мінезден арылу болып табылады.
Сырқатты емдемес бұрын, оның қандай сырқат екендігін білу қажет екендігі сияқты, жаман сипаттардан арылу үшін де, әр адам өзінің бойында қандай жаман сипаттар бар екендігін жақсылап анықтап алуы қажет. Адам өз нәпсісін Жаратушы Алла Тағалағаның өзіне міндеттеген негізгі парыз және нәпіл амалдарды орындаумен, Аллаға шынайы тәубе етумен қатар, көп дұға мен истиғфар айтумен әрі жиі садақа берумен тәрбиелеп, биік тұлғалы, адамгершілігі мол иманды мұсылманға айнала алады. Сонымен қатар пенде әрдайым өз – өзінен есеп алып отыруды әдетке айналдыруы керек. Алла Тағала баршамыздың өз нәпсілерімізді тәрбиелеп, қиямет күні жүзіміздің жарық болуын жазсын. Жаратушы Жаппар біздердің өзіне лайықты құл, Ардақты пайғамбарымызға лайықты үмбет болуды нәсіп етсін!
Әлиев Нұрсұлтан Қалдарханұлы
Талас аудандық Қаратау «Қажы би» орталық мешітінің бас имамы