Алла Тағаланың әлемді жоқтан бар етіп жаратуындағы мақсаты өзінің ұлылығын паш ету екендігі белгілі. Осынау Жаратылыстың ішінде адам баласы мен жындар әлемін тек өзіне құлшылық ету үшін жаратқан Алла Тағала құлдарына тек бір Алланы пәктеу керектігін, оны ұлықтап еш серік қоспауды бұйырады. Алланың разылығына жету жолында түрлі нәпсімізге ауыр келетін ғибадаттарды орындап, нәпсімізге ұнамды болға күнәлі харам істерден аулақ болғанымыз абзал.
Жақсылыққа жетуде адам баласы тақуалық жолын ұстануы қажет, себебі тақуалық қана адам баласын жаман күнәлі істерден сақтай алады. «Тақуа» деген сөздің өзі «Алладан қорқу, бойсұну, сақтану» сынды мағыналарды қамтиды. Осылай тақуалықпен сақтана отырып құл Алланың разылығына қол жеткізе алады. Осы тақуалыққа жеткізетін жол қайсы? Тақуалыққа жеткізетін жолдың бағытын Алла Тағала өзі көрсетеді, ал амалын өзіміз жасаймыз. Құранда Раббымыз былай дейді: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), тақуалыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Әли-Ғимран» сүресі, 92- аят), - деп баяндайды. Хазреті Омардан (р.а.) тақуалық жайында сұралған кезінде: "Сен тікенді жермен жүрі пе едің және қалай жүресің" - дейді, сонда сұрақ қоюшы: "Аяғымды аңдап басушы едім, тікеннің аяғыма кірмеуін қадағалап" - дейді, сонда Хазреті Омар (р.а.): "Міне, тақуалық деген осы" - деп жауап береді.
Демек, әрбір адам Алла көрсеткен халал мен харамды ажырата біліп, харамнан барынша өзін аулақ ұстауы қажет. Алланың бұйырған бұйрығын орындаса, сол адам тақуалыққа қол жеткізеді. Тақуалық деген, міне, осы.
Рысбай ЕСПЕНБЕТОВ
Мойынқұм ауданының бас имамы