Оразаның қандай қасиеті бар?

Оразаның қандай қасиеті бар?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ораза – ислам қағидаларының бірі, сондықтан мұсылмандар үшін ораза ұстау міндетті болып табылады. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін аузын бекітіп, ішіп-жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады. Мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алла тағала: “Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді” (Бақара/187) – деген аяттарда парыз оразаның мәні, негізгі сипаттары, уақыты, қазасын өтеу жайлы хабарлайды.

Ораза шартты ғибадат болғандықтан оны парыз ретінде кімнің орындауға міндеттілігі немесе кімдердің ораза ұстамауына рұқсат етілетіндігі, қабыл болу-болмауының шарттары, бұзылатын немесе бұзылмайтын жағдайлары шариғатта бекітілген. Оразаның қоғамдағы пайдасы – жаратушы мен адам, адамдар мен әлем арасындағы түсіністік артып, мейірім артады. Адамдар рызық-несібенің қадірін түсініп, дәулетті мен жоқ-жітік арасында байланыс орнайды.

Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) ораза туралы: «Кімде-кім Рамазан айында Жаратқаннан рақымшылық күту үшін үміт пен сеніммен ораза ұстайтын болса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» деген болатын. Қазақ дәстүрлі қоғамында ораза ғибадатын өтеуге байланысты ислам әдебімен орайлас, халықтың тұрмыс-салтына етене болып қалыптасқан игілікті дәстүрлер бар. Пайғамбар өсиетіне сай оразаның мұстахабын (орындаса сауап, орындамаса күнәсі жоқ) орындау үшін “таң сәресін” шүйіркелесіп ішу отбасының берекесін кіргізеді. Рамазан айында өзара “ауызашарға” шақырысу дәстүрге айналған.

Хадистерде ораза кезінде мұсылманның өзін-өзі тәрбиелеп, мінез-құлқын қалыптастыруының негізгі шарттары белгіленген. Аузы берік адамның бос сөзден, орынсыз әрекеттерден бойын аулақ салып, жаман істерден тиылуы, ғибадатын арттырып, бос уақытын дін іліміне тереңдеп, зікір, салауат айтумен өткізуі абзал. Бұл да оразаның сауабын арттыратын амалдардан болып табылады. 

Ержан КӨШКІМБАЙ

Тараз қаласы «Әзрет Әли» мешітінің наиб имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: