СЫНАҚТАР НЕ ҮШІН БЕРІЛЕДІ?

СЫНАҚТАР НЕ ҮШІН БЕРІЛЕДІ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Адам баласы бұл дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, Алла Тағаланың тарапынан түрлі дерттермен, уайым-қайғылармен, түрлі қиыншылықтармен сыналады. Жалпы сынақтардың берілу мақсаты - адамдарға Алла Тағаланың азабына душар ететін амалдарды жасап жүргендерін ескерту болып табылады. Яғни, пендені дереу тәубе ету жолына нұсқауда. Ал басқа кейбіреулеріне болса, берілген әрбір нығметтерге шүкіршілік етуге шақыруда.

 Негізінде мұның барлығы Алла Тағаланың әділеттілігінен, пенделеріне Өз мейірімділігінен болып табылады. Сынақтар арқылы пендесінің дәрежесін көтеру және сынақтар үшін жасалған сабырлылықтары үшін есепсіз сауаптар беретіндігіне дәлел.

Кейде кейбір адамдар бастарына түрлі сынақтар келген кезде, Алла Тағаладан жүздерін теріс бұрып жатады. Өз тағдырларына риза болмай, бұл жайында өзгелерге шағым ретінде айтып та жатады. Бірақ та өздерінің жасаған күнәларына тәубе етіп, дұғада болу өз ойларына еш келмейді. Бұлай жасау - үлкен қателік. Ал басқа да кейбір адамдар болса, мұндай кездерде дереу тәубаларына келіп, истиғфар айтуға қарай асығады. Олардың жүздерінде қанша жерден уайым, қиыншылықтардың белгілері көрінсе де, іштерінде Раббысына деген үміттері басым болып тұрады. Керісінше, бұрынғысынан артық ғибадатқа деген белсенділіктері артық болып тұрады. Бұл ненің белгісі? Ол Раббысына деген сүйіспеншілігін өзінен жоғары қойып, әр істің соңы Раббысынан көптеген нығметтер боп келетінін сезінуде екен.

Бұл өмір сынақсыз, уайымсыз, қиыншылықсыз өмір емес. Пенде болып жаратылған соң бұның бәрі (науқастық, түрлі машақаттар) қасымызда әркез ілесіп жүрері заңдылық. Оған дәлел, Құранда Алла Тағала Бәләд сүресінің 4-аятында: "Шын мәнінде, Біз Адамды машақат пен сынаққа толы өмірде жараттық",-дейді.

 Алла Тағалаға ең құрметті болғандар - Пайғамбарлар. Атап айтатын болсақ, Нұх (ғ.с.), Ибраһим (ғ.с)., Жақып (ғ.с.), Жүсіп (ғ.с.), Аюб және Мұса (ғ.с.) пайғамбарларға берілген өте қатты, күрделі сынақтар жайында Құранда көптеген аяттарда баяндалады.

 Сынақ әр адамның басына келері хақ. Тіпті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да басына түрлі ауыр сынақтар келгеніне ислам тарихы куә. Хадисте келтірілгендей, Алла Елшісі (с.ғ.с.) өлім төсегінде ауыр халде жатқан кезінде ауыртпашылықтары күшейген кезде Фатима (р.ғ.) анамыз: "Әкемнің халі едәуір ауырлап тұр", - дейді. Бұны естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Бұл күндер де кетер, артта қалар, бұдан кейін еш сынақтар болмайды", - дейді. (Бұхари риуаяты)

 Бұл хадистен түсінгеніміздей, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жиырма үш жылдық Нубуәт (Пайғамбарлық) кезеңдерінде басынан түрлі сынақтарды өткізген. Алла Тағала Өз Пайғамбарының өмірін басынан аяғына дейін уайым-қайғысыз, қиыншылықсыз етіп қоюға, әрі өмірін жұмаққа айналдырып жіберуге де күші жетер еді. Алайда, бұл - Жаратушымыздың ісі еді.

Демек, сынақ артынан әрбір игіліктер орын алатындығы Алланың қалауында болары сөзсіз екен. Алла Тағала кейбір құлдарын иманымен, денсаулығымен, кейбірін мал-дүние, тағы кейбіреуін перзенттермен, мансабпен және түрлі нығметтерімен сынайды екен. Пенде осы бір сынақтардың бірі арқылы Раббысына жақындауы мүмкін. Алла Тағала Өзінің қандай да бір құлдарына көптеген жақсылықтармен нығметтендіргісі келген болса, ол пендесіне қалаған сынақтарды жіберуі мүмкін екен. Пенде басына келген түрлі сынақтарды Раббының азаптауы деп түсініп қалмауы тиіс. Бұған төмендегі аят-кәрима дәлел болады: "Жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла Тағала біледі, сендер білмейсіңдер." (Бақара" сүресі, 216-аят).

 Егер қандай да бір пенде түрлі қиыншылықтарға душар болған болса, хадисте келтірілгендей "Қаддараллаһу уә мә шә ә фәғлә"- (Алланың жазуы (тағдыры) және Ол Өзі қалаған істі жасайды)",- деп иманына берік болатын болса, сабырлылық танытса, тақуалығын күшейтіп, тәубе-истиғфарын көбейтетін болса, ол пенде үшін бұл дүние де, ақыретте де табысқа жету есіктері ашылады.

Бір өмір сынақтары, қиыншылықтары ешқашан тоқтамайды. Мейлі жас кезінде болсын, мейлі қарттық кезінде болсын, адам баласына келері ақиқат.

Бұл жайында Хасан Басри айтады: "Мүмін кісі хақиқи рахатқа тек бұл өмірден озған кезде, Раббысымен жолыққан кезде ғана жолығады (жұмаққа кіргенде)". Басына түрлі сынақтар түскен кезде мұсылман адамдар орындауы тиіс болған амалдар жайында ғұламаларымыз мынадай ескертпелерді айтады:

 1. Алла Тағаланың тарапынан түрлі сынақтар берілген кезде пенде Раббысына жүзін бұруы тиіс. Раббысынан ғана жәрдем сұрауы керек және Одан ғана әжір-сауаптар күтіп үміттену.

2. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) секілді нәпіл намазға ынтызарлық танытуы тиіс.

3. Құран Кәрімді тіләуат ету.Өйткені,Алланың Кәләмінда зор табыстар мен шипалар бар.

4.Алланың жіберген мүсибат, қайғы, сынақтарына сабыр ету.

 5. Бұл өмір мен ақырет істерінде көмек беретін шыншыл достармен тығыз байланыс орнату.

 Өйткені, мұсылман мұсылманның бауыры болып саналады. Хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Мүмін мүмін адам үшін бір-бірлерін мығым ұстап тұрған қабырға іспеттес" деген. (Бұхари риуаяты).

6. Тақуалық жолын ұстану.

7. Келген түрлі сынақтардың соңына бір хикметтер тұрған шығар деп білу.

Шамамыз келгенше аяттар мен хадистерден және оған қоса ғұламалардың тараптарынан келтірілген сынақ жайлы сан алуан түсініктемелері мен пікірлерінен жинақтаған мәліметтерді мақала етіп жазуымызға тура келді. Жаратушымыздың тарапынан келген сынақтарға әркез ұстамдылық таныту пенденің басты борышы екен. Алла баршамызға пайдалы білім нәсіп етсін. Қоғамымыз тыныш, ел жұртымыз аманшылықта болсын!.

 Ү.Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің бас имамы

Луговой ауылы, Т.Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: