Рамазан айының артықшылығы жайлы жеткілікті мағлұматтар алмайынша, адам бұл берекелі айдың қәдір-қасиетін жетік дәрежеде түсіне алмайды. Сондықтан жыл сайын рамазан айы кіріп келмес бұрын бұл ардақты айдың артықшылықтарын, ондағы құлшылықтардың артықшылығын тереңірек түсінуге тырысып, мағлұматтар іздеуге кірісіп кетеміз. Өйткені ілгері өткен ізгілер бұл айға дайындықсыз кірмеген екен. Сол ізгі жандардың жолымен жүріп, біздің де рамазан айына арнайы дайындалатынымыз, оны асыға күтетініміз ешкімге жасырын емес. Сондықтан бұл айдың артықшылықтары баяндалған аяттар мен хадистердің кейбірін келтіруді жөн көрдік. Сол хадистер мен аяттар бұл айдың қадір-қасиетін тереңірек түсінуге көмектесері анық. Қасиетті Құранда:
شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ
«Рамазан айы сондай бір ай - онда адамдарға тура жол және ақ пен қараны ажырататын дәлел түрінде Құран түсірілді», Кім рамазан айын көрсе, оразасын ұстасын («Бақара» сүресі, 185) делінген.
Бұл аятта рамазан айының артықшылығы баяндалған. Рамазан айы жыл ішіндегі ең абзал ай болып табылады. Оның артықшылықтары жайлы көптеген хадистер, ғалымдардың айтқан сөздері, ақындардың өлең шумақтары, жазылған кітаптар бар.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіріп келген кезде:
أَتَاكُمْ رَمَضَانُ شَهْرٌ مُبَارَكٌ، فَرَضَ اللهُ عَزَّ وَ جَلَّ عَلَيْكُمْ صِيَامَهُ، تُفْتَحُ فِيهِ أَبْوَابُ السَّمَاءِ، وَ تُغْلَقُ فِيهِ أَبْوَابُ الْجَحِيمِ، وَ تُغَلُّ فِيهِ مَرَدَةُ الشَيَاطِينِ، لِلهِ فِيهِ لَيْلَةٌ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ، مَنْ حُرِمَ خَيْرَهَا فَقَدْ حُرِمَ
«Рамазан айы, берекелі ай кіріп келді. Ұлы Алла сендерге бұл айдың оразасын ұстауды парыз етті. Бұл айда жәннәттың есіктері ашылады, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді. Онда мың айдан жақсы бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрұм болса, (бүкіл жақсылықтан) мақұрұм болыпты», - деген (Ахмад, Нәсәй).
Демек, рамазан айы өте берекелі ай. Рамазан он екі айдың сұлтаны, ең ұлысы. Алла Тағала мұсылмандарға рамазан айының оразасын ұстауды парыз еткен. Бұл айда аспандардың есіктері ашылады екен. Сол есіктерден Алланың мейрімі, жақсылығы мен берекесі төгіледі. Мейрім періштелері түседі. Пенделердің ұстаған оразаларының, істеген жақсы амалдарының сауаптары артып аспанға көтеріледі. Бұл айдың құрметіне тозақтың есіктері жабылып, оған кіргізу уақытша тоқтатылады. Ораза ұстап, құлшылық еткен кісілер тозақ азабынан құтылады. Рамазан айы келгенде шайтандар кісенделіп, ораза ұстаған кісілерді азғыра алмайды.
Бұл айда Алланың берген бір түні бар, ол мың айдан хайырлы, берекелі. Ол - қадір түні. Сол түнгі ғибадат пен игі істерге берілетін сауап, берекелі әрі өте көп болады. Кім сол берекелі түнді ұйқымен, құлшылықсыз өткізсе, барлық жақсылықтардан құр қалады. Рамазанның күндерін оразамен, түндерін тарауық сынды құлшылықпен өткізу қажет. Қадір түні де құлшылықсыз өтпеуі керек. Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айы кіріп келген кезден кейінгі жай-күйі жайлы:
كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَجْوَدَ النَّاسِ، وَكَانَ أَجْوَدُ مَا يَكُونُ فِي رَمَضَانَ حِينَ يَلْقَاهُ جِبْرِيلُ، وَكَانَ يَلْقَاهُ فِي كُلِّ لَيْلَةٍ مِنْ رَمَضَانَ فَيُدَارِسُهُ الْقُرْآنَ، فَلَرَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَجْوَدُ بِالْخَيْرِ مِنَ الرِّيحِ
«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ең жомарты еді. Ол кісінің ең жомарт бола түсетін уақыты рамазанда Жебрейіл ол кісімен кездесіп, оған Құран тапсыратын кезі еді. Расында, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсылық жасауда ескен желден де жомарт (жылдам) болып кетуші еді», - дейді (Бұхари).
Демек, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз үшін рамазандағы жомарттықта да үлгі болған екен. Бізге де рамазанда жақсылықта жарысып, жомарттығымызды арттыра түсу қажет. Рамазанды бос нәрселермен өткізіп алудан сақтануымыз керек. Оған үлкен бір ғанибет ретінде қарауды ұмытпаған жөн. Бұл рамазан да бізге берілген үлкен бір мүмкіндік.
АМАНГЕЛДІ ЕМБЕРГЕНОВ
«Құлбай баба» мешітінің имамы