Әдетте сөзден нәтиже болмай, іс ілгері баспай жататын жағдайларды көп кездестіреміз. Бұдан бір ғана ой түйеміз: өзіміз бастамасақ, кім бастамашыл болады? Адамның әуелгі әрекеті өзгелердің ізгі ісіне ұласып, бұқаралық сипат алатыны рас. Осыдан кейін басшы қимылдаса, қосшы қайда барар дейсің.
Шәкірт тәрбиелеу, білікті кадр тобын қалыптастыру – мүфтияттың бір емес, бірегей жұмысы. Бұл іске Бас мүфтидің өзі бас болып отыр.
Алматыда Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты жұмыс істейді. Директоры – Кенжеәлі Мырзабаев. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қызметтегі діндарлар осында ілім алады. Тәжірибелі мамандардан дәріс тыңдайды. Бұл жолы Ержан қажы Малғажыұлы дәріс жүргізді.
Қазір иманға ұйысып, имамға ұйыған жамағаттың сұранысына сай, сұрақтар да күрделі. Білім алғысы келеді, Құранның терең сырларын ұққысы келеді. Сананы мазалаған сұрақтармен имамға жүгінеді, ақыл-кеңес алады. Ендеше, бұл ретте дін қызметкері де осалдық танытпауы тиіс. «Тілегенің алдынан іздемей-ақ табылатын» ұстаз болуы қажет.
Бас мүфти пәтуа берудің кейбір мән берер тұстарын түсіндірді. Үкім шығару кезінде тек шариғатпен шектелмей, ғылыми дәлелдерге, зерттеулерге сүйенуді қаперге салды.
«Біздің қаруымыз – білімде. Біздің күшіміз – уағызда. Қазақтың жақсы мақалы бар емес пе? «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дейді дана халқымыз. Діни басқарма имамдардың біліміне жоғары талап қойғанын жақсы білесіздер. Бәріміз жоғары талап деңгейден көріне білуіміз керек. Шариғат ілімдерімен қоса өзге де салаларды мықты меңгеруіміз қажет. Өйткені, қазір заман талабы жоғары», – деді дәрісте Бас мүфти.
Дінбасының дәрісі бір сағатқа созылды. Сабақтың екінші бөлімі сұрақ-жауап негізінде өтті. Шәкірт-имамдар Бас мүфтиге өз ұсыныстары жеткізіп, ой-пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, бүгінде Алматыдағы Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында 45 діндар 2 ай бойы ілім алады. Оларға Жоғары оқу орындарынан келген профессор, мамандар шариғи ілімдерден бөлек, шешендік өнер, қазақ тілі, тарих, информатика, психология, заң, т.б. пәндерден дәріс беруде.
muftyat.kz