Бас мүфтидің жұмыс уақытынан тыс өмірі

Бас мүфтидің жұмыс уақытынан тыс өмірі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының кезектен тыс құрылтайында бас мүфтилікке сайланған Ержан қажы Малғажыұлының осынау жауапты қызметті атқарғанына да көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шығыпты. Осы аралықта «шарасынан асып-төгілген» талай шаруаның шалғайы қайырылды. «Жас келсе – іске» дегендей, осы аз уақыттың ішінде Ержан қажы өзінің қолынан іс келетінін дәлелдеп үлгерді. Оның ұйытқы болуыман атқарылған жұмыстардың барысын Қазақстан жұртшылығы muftiyat.kz сайтының жаңалықтарынан оқып-біліп отырды.
Десе де, ылғи ат үстінде жүретін бас мүфтидің жеке өмірі ресми кездесулер мен жұмыс қызмет бабындағы сапарларының тасасында көрінбей қалып жатады. Оқырман қауымға ел азаматының жеке өмірімен танысу да қызық екенін ескере отырып, онымен жүргізілген шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстандағы исі мұсылмандардың атынан сөйлейтін ресми тұлға ғана емес, ол ең алдымен отағасы, төрт ұлдың асқар таудай әкесі екенін айта кету керек.
Дінбасына қойылған сауалдардың арасында оның жеке өміріне еш қатысы жоқтай көрінетін сұрақтарды да айналып өте алмасымыз анық. Өйткені, мұндай сауалдар да оның адами болмыс-бітімін танытып, сүбелі сұхбатымыздың ажарын ашатынына титтей күмәніңіз болмасын. Сонымен...

ДІН – ДІҢГЕК

– Исламға қалай және қашан келдіңіз?
– Бала кезімнен мені әкем ислам рухында тәрбиеледі. 1993 жылы «әл-Азһар» университетіне түскеннен кейін Ислам дінін тереңірек оқып-білуге мүмкіндік алдым.
– Құранның қанша сүресін жатқа білесіз?
– Он алты парасын (Құранның жартысынан көбісі)
– Құранда не нәрсе сізді қызықтырады?
– Біздер, мұсылмандар Құранды қадір тұтамыз. Әйтсе де, мен үшін «Ықылас» сүресінің орны ерекше. Қысқа болғанына қарамастан онда иман негіздері жатыр. Оның үстіне, Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) аталмыш сүреге деген сүйіспеншілік адамды жаннатқа кіргізеді деген өсиеті бар.
– «Дәстүрлі ислам» дегенді қалай түсінесіз?
– Кең мағынасында бұл біздің заманымызда ақида бойынша ашарити және матрудити мектептерінде, сондай-ақ, фиһқта Ханафи, Мәліки, Шафиғи және Ханбал мазхабтарында көрініс тапқан ислами құқық пен дінтанудың классикалық үлгісі. Ал, тар мағынасында өзіміздің тарихымыз бен шариғатқа қайшы келмейтін ұлттық салт-дәстүрлеріміз ескерілген қазақ жеріндегі ислам. Қазақтың талай әдет-ғұрпы шариғаттың өзінен алынған. Біздің тарихымыз өте бай, соның ішінде, еліміздегі ислам тарихының да тамыры тереңде жатыр. Оны бағалай білуіміз керек әрі осы заманға сай дұрыс түсінуіміз керек.
– Сізге ислам ғұламаларының қайсысы жақын?
– Олардың арасынан біреуін бөле-жарып атау қиын. Классикалық мұрадан маған аса көрнекті Ханафи ғалымы – Ибн Абиддиннің еңбектері қатты әсер етті.

ЖҰМЫС ЖАЙЛЫ

– Мүфтилік қызметке сайланғаныңызды қалай қабылдадыңыз?
– Жауапкершілігі мол мііндетті арқалағанымды білдім. Бұл – ең алдымен мына өмірде халықтың алдында, ақыретте Алланың алдында жауабын беретін аманат.
– Осыдан кейін жеке өміріңізде өзгеріс болды ма?
– Аз ұйықтап, көп ойланып-толғанатын болдым. Келешекте дініміз, еліміз қандай болатыны туралы ойлар жиі мазалайды.
– Жұмыста нені басты назарға аласыз?
– Әділеттілікті

ОТБАСЫ ЖАЙЛЫ
– Қанша балаңыз бар?
– Алланың қалауымен төрт ұлым бар: Әли, Абдулла, Насрулла және Мұстафа-Нұр.

Үлкен ұлым Әли 13-ке келді. Алғашқы екі ұлым Мысырда жүргенде дүние есігін ашты. 2008 жылы Семей қаласындағы мешіттердің біріне имам қызметіне тағайындалған кезімде жұбайым 3-ші ұлыма жүкті болды. Баспанамыз да жоқ, әке-шешеміз ауылда. Тұрмыс тауқыметін тарттық. Әйелім Алладан көмек, жеңіс деген мағынаны беретін Насрулла деген есімді қоюды ұсынды. Солай еттік те. Мұстафа–Нұр осында, Алматыда дүниеге келді. Қазір ол төрт айлық нәресте.

– Олардың болашағын қалай елестетесіз?
– Мен үшін ең бастысы, олар иманды болса екен, ата-анасына құрметпен қараса, өз елінің қарапайым азаматы болса екен және жақсы білім алғаны керек.
– Тұңғышыңыздың ұл болғанын қаладыңыз ба әлде қыз болғанын ба?
– Шынымды айтсам, өзіміз де ол кезде жас болғандықтан ба, бұл турасында ойланбаппыз. Біз үшін ол маңызды емес. Біз Аллаға разымыз және разы болып өтеміз.

ӨЗГЕСІ МЕН ӨҢГЕСІ

– Жұбайыңыздың қолымен дайындалған сүйікті тағамыңыз?
– Асылған етті жақсы көреміз
– Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?
– Жаз.
– Қазақстанның қай қаласы ұнайды?
– Жас қала атанған Астана.
– Спорттың қай түрін ұнатасыз?
– Күрес.
– Теледидар қарайсыз ба?
– Жаңалықтарды тыңдағанда ғана болмаса...
– Қажылық пен ұмраға қанша рет бардыңыз?
– 1996 жылы алғаш рет Ұмраға баардым. Содан кейін 2010 жылы қажылығымды өтедім әрі жақында Ұмраға тағы бардым.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Ислами әдебиеттерді оқығанды, Қазақстан тарихын зерделегенді, сондай-ақ, алдағы жазылатын кітаптардың нобайын қағазға түсіргенді ұнатамын. Негізінен бос уақытымды отбасыммен, ұлдарыммен өткіземін. Доппен ойнағанды жақсы көреміз. Мүмкіндік болса, демалыс күндері отбасымызбен тауға шығып, шаңғы тебеміз. Мен балалармен болсам, ал әйелім кішкентей ұлыммен біздің тілеуімізді тілеп тұрады.
– Келешектегі жоспарыңыз?
– Жеке басыма келсем, балаларыма лайықты білім берсем деймін. Хазіреті Әлиден (Алла разы болсын!) жеткен хадисте айтылғандай, балаларына білім бергендер мен жақсы тәрбиелегендер абзалы.

Жұмысқа байланысты жоспар көп. Діни басқарманы Астанаға көшірсем деймін.
– Сізді ең алдымен не сүйіндіреді және не күйіндіреді?
– Мені адамдардың өзара түсінісіп, ынтымақта өмір сүргені сүйіндіреді. Ал, адами мәселелер толғандырады, мәселен, жастар мәселесі. Жастарымыз салауатты өмір салтын ұстанса дейсің, өйткені, олар біздің болашағымыз.

Ескерту: Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлымен болған сұхбат Azan.kz сайтынан орысшадан қазақшаға аударылды

muslim.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: