Пью орталығы жүргізген зерттеу нәтижесіне қарағанда, 2030 жылға қарай Мексикада мұсылмандардың қарасы 126 000 адамға жетуі мүмкін. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 111 000 адамды құрағанын болатын.
Мексикада бес ғасыр бойы католиктер үстемдік етіп келген еді. Әйтсе де, олардың қатары сиреп, 96,7 пайыздан 82,7 пайызға дейін кеміген.
Бұл өзгерісті христиан сеніміндегі өзге де ағымдардың пайда болуымен түсіндіруге болады. Бір қуаныштысы, кейінгі кезде асыл дінімізден жанына дауа іздегендердің қатары артқан.
Мексикалықтардың католик сенімінен шығып, ислам дініне өтуіне ең алдымен католик сеніміндегі Үштік ұғымының ақылға сыймайтын, көңілге қонбайтын доктринасы себеп болып отырған көрінеді. Кейбіреулер шіркеу қабырғасындағы төсек қатынасына қатысты дау-дамай мен жиі тұтанатын жанжалдан мезі болса керек. Ал, енді біреулері асыл дінімізді терең танып-білу үшін исламды қабылдағанын тілге тиек еткен.
Мәселен, Марта Аламилья есімді бойжеткен католиктердің отбасында туып-өскен. Ол бір Жаратқанның барына, оның құдыретіне шәк келтірген емес. Алайда, христиан дініндегі кейбір ұғымдарды санасына сыйдыра алмағанын жасырмады. Өзін толғандырған сауалдарға жауап табу мақсатында шіркеуден іргесін аулақ салғанын да жайып салды.
Ол ислам діні жайлы сөз болған жерде көз алдына ең алдымен лаңкестер мен зорлық-зомбылықтың келетінін жасырмады. Ол нар тәуекелге бел байлап, қасиетті Құранды зерделеп, мұсылмандармен кездесіп, ислам дінінің анау айтқандай қаныпезерлердің діні емес, нағыз ізгілікті насихаттайтынына көз жеткізеді, ең бастысы, жанына маза бермеген маңызды сауалдарға жауап тапқанын айтады.
Ол аттай алты ай бойы асыл дінімізді зерттеп, зерделеп, тілін кәлимаға келтіріп, шаһадат айтады.
Тура жолға түскен кейіпкеріміз ислам діні жайлы кеңінен тараған жаңсақ ұғымдардың бірі – әйел құқығының сақталмайтыны, ақ жаулықтылардың еркіндігінің шектеулігі жайлы қате пікір әлі күнге үстем екенін тілге тиек етті.
«Мен кездестірген мұсылмандардың жаманын көрген емеспін. Олар мұсылман болып туғандықтан осындай қасиетке ие деп ойласаңыз, қателесесіз, ислам діні оларды көркем етіп тұр»,- деді ол ағынан ақтарылып.
Оның отбасы бойжеткеннің ислам дінін зерделеп жүргенін білгенімен оның ислам дініне өткенінінен хабарсыз. Марта Аламилья да оларға тура жолға түскенін хабарлауға белгілі бір себептермен асығар емес.
«Алдымен оларға тұлға ретінде өзгергенімді оларға дәлелдеуім керек»,- деді ол мұның себебін түсіндіріп.