РАМАЗАН – НҰР ШАШҚАН АЙ

РАМАЗАН – НҰР ШАШҚАН АЙ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен. Ендеше, сол үмбеттің жалғасы болып табылатын кейінгі ұрпақ біз де ұлы Рахманнан ұлық рамазан айының берекесін тілейміз. Мейірім маусымының исі мұсылманға игілікті болуын тілеп Жаратқанға жалбарына дұға етеміз.

Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіңдер, кәрі не аурулар бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және ақ пен қараны айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар». Осы аяттарға зер салып қарасақ, көптеген жайттарға қанық боламыз.

Оразаның мерзімі бір ай. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі. Жыл, он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс. Ал егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған. Егер де ораза тұтуға қауқары жетпейтін кәрі немесе созылмалы дерті бар кісі болса, онда әрбір күнге бір міскінді тамақтандыруы тиіс.

Денсаулығың жетіп ораза тұтсаң, ең қайырлысы сол. Өйткені осы ұлық айды басқа ешбір ай алмастыра алмайды. Себебі, бұл айды Алла тағала айрықша еткен. Рамазан айы адамдарды тура жолға бастайтын Қасиетті Құран аяттары түсіріле бастаған ай. Одан бұрынғы басқа да иләһи кітаптар нақ осы айда түсірілген.

Алла Тағаланың қалауымен ораза құлшылығы үшін жыл, он екі айдың ішінен рамазан айын таңдады. Олай болса, осынау таңдаулы айдың өзіне тән артықшылықтары бар. Хақ тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен.

Хадисте: «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты», – деп айтылғанындай кез келген амал ниетпен өлшенеді. Құлшылық мәселесінде мұсылман адамның ниетін жаңартып тұруы маңызды. Рамазан айы келерден өзімізге «қандай жақсы амалдар жасауыма болады?» деген сұрақ қойып, шамам келеді деген амалдарды тізіп, іске асыруға шынайы түрде ниеттенгеніміз жөн. Тіпті істей алмай қалған жағдайдың өзінде Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім жақсы іс істеуді ниет етсе, бірақ оны орындамаса, Алла өз қасында толық бір жақсы іс жасағанындай жазады» – деп айтылғанындай, пендеге істегендей сауап жазылуы үміт етіледі.

Отыз күн ораза тұтқан мүміндер құлшылықты абыройлы орындап болған соң Жаратқанға шүкірлері мен зікірлерін айтуы тиіс. Тура жолға салып, дүниедегі ең басты бақыт – Ислам дінінде болу нығметін сыйлағаны әрі оразаны аман-есен тұтуды нәсіп еткені үшін Жаратқанды ұлықтап, тәкбір айтулары керек, Ораза айтты лайықты түрде атап өтуі қажет.

Биыл Рамазан айы 30 күн болады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні. 13 мамыр – Ораза айт күні. Пітір садақа мөлшері – 420 теңге.

 

Ғайырфулла қажы ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ,

Жамбыл ауданның бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: