НЕГЕ ҮШ КҮННЕН АРТЫҚ РЕНЖУГЕ БОЛМАЙДЫ?

НЕГЕ ҮШ КҮННЕН АРТЫҚ РЕНЖУГЕ БОЛМАЙДЫ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам баласы пенде болып жаратылғаннан кейін әркез түрлі көңіл күйді бастан кешеді. Ренжу, мұңаю, күйіну, сүйіну, өкіну – бәрі де адам баласына тән қасиеттер. Кейде бір ауыз жылы сөзге балаша мәз болсақ, кейде болмашы нәрсеге бола қатты құлазып, жүрегімізді дертке ұшыратамыз. Кейде тірімізде тіресіп, әруағымызда ардақтайтынымыз тағы бар.

Шариғатымыз кісі ақысына қатысты нәрселерге мұқият көңіл бөледі. Сондықтан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кісі көңілін қалдырмауға атүсті қарамаған. Әрбір ісінде бұны жіті қадағалайтын. Пышақ берсе, сап жағымен ұсынатын. Қылыштарды көшеде жалаңдатып алып жүруге тыйым салған. Қабақ  шытпай, жүзі күлімсіреп тұратын. Аузынан қатты сөз шықпайтын. Зат сұрап келген адамға ешқашан «жоқ» деп айта алмауы да оның осы бір көңілге қарағыштық қасиетінен туған еді. Қолында жоқ болса, тауып берем деп уәде беретін. Біреудің қателігін түзетпек болса, көңіліне келер деп ол кісінің атын атамай, отырғандарға жалпылама айтатын. Кімге қарата айтылып жатқанын әлгі адам өзі сезетін. Жай адамдарды ғана емес, «Мүгедек біреуді көрсеңдер, сендерді сондай күйге түсірмеген Аллаһ тағалаға шүкір етіңдер, бірақ оны дауыстап айтып әлгі ғаріптің көңілін ренжітпеңдер» деп, көңілі жарым бейшара мүгедектерді де ренжітпеу керектігін білдіретін. Үш кісі отырғанда екі кісінің өзара күбірлесіп сөйлескенін құп көрмейтін. Ондай жағдайда үшінші кісінің көңіліне келуі мүмкін дейтін. Міне, асыл дініміз, сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздерге осыны өсиет еткен.

Реніш бола қалған жағдайда оны үш күннен асырмауға кеңес беріп: «Бір мұсылман адамның екінші бір мұсылман бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес. Кездескенде бір-бірінен сырт айналған екеудің абзалырағы - бірінші болып сәлем бергені» деп, ондайда ренішті бірінші болып ұмытудың артықшылығын еске салатын (Бұһари, Әдеп, 57).

Араз кісілерді татуластырудың нәпіл намаз оқып, нәпіл ораза ұстағаннан да үлкен сауап екенін, ол үшін қажет болса жалған айтуға рұқсат барын еске салатын. Адамның ең нашары басқаға кесірі тиетін, әркімді ренжітетін адам дейтін. Өсиеттерінде үнемі ата-ананы, сүйікті жарды, жақын туыс, көрші-қолаңды ренжітпеуге, жетім-жесірдің көз жасына қалмауға, баланы өкпелетпеуге, дос көңілін қалдырмауға шақыратын. Өйткені, «Пенденің жасаған амалдары әр дүйсенбі және бейсенбі күндері Аллаһқа жеткізіледі. Ұлы Жаратушы сол күндері өзіне серік қоспаған құлдарының күнәларын кешіреді. Алайда, араларында дұшпандық, реніші барларды бөлек қояды (кешірмейді). Сөйтеді де: «Бір-бірімен татуласқанша бұларды қоя тұрыңдар» дейді» деп түсіндіретін (Мүслим, Бирр 36).

Сол себепті «Мүмин адамның мүмин адамға үш күннен артық реніші дұрыс емес. Арадан үш күн өткеннен кейін онымен сөйлесіп сәлем берсін. Егер ол сәлемді алса, сауабы екеуіне тең бөлінеді. Алмаса, күнәсы сол адамға жүктеледі» деп, бітімге, татулыққа алғашқы болып шақырушының үлкен сауапқа кенелетінін, ал қисық мінез танытып, оған көнбегендердің күнә арқалайтынын ұқтырған (Әбу Дәуід).

Хадисті саралаған ғалымдар сәлемдесумен арадағы реніш жойылады десе де, Ахмед ибн Ханбәл «Бұрыңғы араластықтарына қайта оралмайынша реніш тарқамайды» деп тұжырымдаған. Ешкімнің көңілін қалдырмау турасында ғұламалардан көптеген нақыл сөздер қалған. Ахмет Яссауи бабамыз: «Кəпір де болса біреуді ренжіту – Жаратушыны ренжітумен тең», – десе, үлкен əулие Жəлəладдин Руми: «Қағба – Ибраһим пайғамбардың тұрғызғаны. Ал көңіл – Ұлы Жаратушының өзі назар салатын орын. Сол себепті бір кісінің көңілін қалдыру – Қағбаны мың рет жыққаннан да ауыр», – деп, біле-білгенге адам көңілі қасиетті Қағбадан да жоғары тұратындығын аңғартқан.

 

Ренішті үш күннен асырмаудағы сақтық неде? Ондағы даналық - соңы бара-бара кекшілдік пен ерегеске, жалжалға, өзара жауыздық пен дұшпандыққа ұрындырмаудың алдын алу болса керек. Өмірде кішкене реніштен барып арты үлкен дауға, рулас елдерді бір-бірімен араздастырып қырғынға ұшыратқан жағдайлар аз болмаған. Сол себепті ашу өртін дереу сөндіріп, арадағы ренішті жоюға талпынудың, татулық пен ымыраластықты, діндегі бауырмашылдықты жоғары қоя білудің қоғамдық мәні зор. Бірінші болып кешірімге бара білу - қай кезде де адамның кішіпейіл, қайырылғыш, иілгіш секілді жақсы мінезін байқатады. Ал «өлсем де кешірмеспін» деп ант ішу тәкаппарлықтың  нышаны. Адамның адамдығы сынға түсетін осындай кездері мұсылмандық мінезден ауытқымай, ішкі ар таразысының өлшемдерінен мүлт кетпеу - әр кісінің емес, ер кісінің ғана қолынан келетін ерен қасиет екені аян. Шариғатымыз нені құптаса, сол істе жақсылық пен береке бар екенін ұмытпауымыз керек.

Ақиық ақын Мұқағали ағамыз бір өлеңінде:

Күн батты, Міне, кеш кірді.

Жанымнан бір үн естілді.

«Рақатқа бола бес күнгі,

Ренжіте көрме ешкімді!».

Тағы да бір күн кеш кірген,

Тағы да бір үн естілген.

«Азаматсың ғой ес кірген,

Жауласа көрме ешкіммен!», - деу арқылы есі бар азаматтарға есті сөз қалдырған.

 

Аят қажы Дыбысұлы,

Шу ауданының бас имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: